Мемлекет басшысы Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының төрағасы Рауан Кенжеханұлын қабылдады
Сурет: akorda.kz
Ақорданың баспасөз қызметі берген ақпаратқа сай, кездесуде Мемлекет басшысы қазақ тілін үйретуде және ғылыми еңбектерді аударуда жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін барынша пайдаланудың маңызды екенін айтты.
Рауан Кенжеханұлы қоғамның үш бағытта жұмыс істеп жатқанын баяндады. Олар – қазақ тілін оқыту әдістемесін жетілдіру, қазақ тіліндегі мазмұнды байыту және жаңа технологиялар саласында қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту.
Қоғам төрағасының айтуынша, OpenAI компаниясымен бірлескен жоба аясында 14 миллиард токеннен тұратын мәтін корпусы жасалып, 12 мың сағат аудиожазба жинақталған.
Соңғы үш жылда Disney, Pixar және Sony студияларының 13 танымал фильмі қазақ тілінде дыбысталып, үлкен экранға шықты.
Рауан Кенжеханұлы Qazaq Tili Endowment қорының жұмысы туралы да баяндады. Қорға түскен жарналардың жалпы сомасы 824 миллион теңгеге жеткен.
Мемлекет басшысы Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының қызметін жоғары бағалап, алдағы жоспарларын жүзеге асыруда табыс тіледі.