Президентке "Қазақтелеком" акционерлік қоғамының атқарған жұмысы туралы баяндалды
Қуанышбек Есекеев "Қазақтелеком" компаниялар тобының былтырғы атқарған жұмыстарының нәтижесі туралы есеп беріп, алдағы кезеңге арналған жоспарын таныстырды. 2025 жылдың соңына қарай 5G желісін жедел енгізу жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы туралы айтты. Қызмет сапасын жақсарту жұмыстары жөнінде мәлімет берді:
- биыл компанияның 63 мың абонентінің ескірген мыс желісін заманауи оптикалық желіге ауыстыру жоспарланған. Сондай-ақ 50 мың тұтынушы модемінің технологиялық жабдықтары жаңартылады.
- Қазақстан мен Әзербайжан арасында Каспий теңізінің табаны арқылы Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін салу жобасының іске асырылу барысын таныстырды:
- бұл жоба Қазақстанның аса маңызды өңірлік телекоммуникациялық хабқа айналуына, ел аумағынан өтетін халықаралық трафик транзитін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық және әлеуметтік салаларды цифрландыру өте маңызды екенін атап өтті. Себебі қазір жаңа телекоммуникациялық технологиялардың мүмкіндіктері елдің халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілік деңгейін айқындайды.
Мемлекет басшысы Қазақстан азаматтарын заманауи телекоммуникация қызметтерімен қамтамасыз ету қажеттігіне де назар аударып, компанияның барлық инвестициялық жобасын уақытылы іске асыруды тапсырды.