Мемлекет басшысы Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановты қабылдады

Президент қабылдауы, Қасым-Жомарт Тоқаев, Ерлан Қошанов, сурет - Zakon.kz жаңалық 11.12.2024 19:42 Сурет: akorda.kz
11 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановты қабылдады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ақорданың хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаевқа Президент реформаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету аясында палатаның атқарған қызметі туралы баяндалды.

Мәжіліс төрағасының айтуынша, сессия басталғаннан бері 31 заң қабылданып, Сенатқа жолданды, сондай-ақ 15 заңға Президент қол қойды. Олардың ішінде Бюджет кодексі, биржалық сауда мәселелері бойынша заңдар, есірткі қылмысы үшін жазаны қатаңдату, "Келешек" бірыңғай ерікті жинақтаушы жүйесін енгізу, соттарды жаңғырту, әкімшілік заңнаманы жетілдіру және тағы басқалары бар.

Қазір депутаттар 71 заң жобасын қарап жатыр. Салық, Су, Құрылыс, Цифрлық кодекстері мен тұтынушылар құқығын қорғау, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселесі, қаржы нарығын дамыту, әскери-патриоттық тәрбие, пошта секілді заң жобалары бойынша жұмыс жүргізілуде.

Президенттің Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасын орындау мақсатында депутаттар қыз алып қашқаны үшін берілетін жазаны қатаңдату жөнінде түзетулер дайындап жатыр.

Депутаттар бюджет шығындарына парламенттік бақылау жұмыстарын ұдайы жүргізіп келеді. Жуырда Жоғары аудиторлық палата төрағасының ауыл шаруашылығын мемлекеттік субсидиялаудың тиімділігі туралы есебі тыңдалды.

Спикердің айтуынша, Мәжіліс заң шығару жұмысының ашықтығына, оған қоғам мен сарапшылар қауымдастығын тартуға ерекше мән береді. Қоғамдық палатаның отырыстары тұрақты түрде өткізіледі.

Барлық партиялық фракция депутаттары мен бір мандаттық округтерден сайланған халық қалаулылары сайлаушыларымен жиі кездесулер өткізіп, азаматтарды қабылдап, өңірлерге сапарлайды.

Мәжіліс төрағасы парламенттік дипломатия бағытындағы жұмыстың қорытындылары жөнінде мәлімет берді.

Ерлан Қошанов "AMANAT" партиясының  "Ауыл аманаты" және "Жер аманаты", сондай-ақ Мемлекет басшысының халықтың қаржылық сауатын арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау бойынша атқарылып жатқан "Қарызсыз қоғам" жобалары туралы айтты.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жасанды интеллект саласын дамытуға қатысты ойымен бөліскені хабарланған. 

Мақаламен бөлісу
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: