Тоқаев елімізде жасанды интеллект саласын дамытуға қатысты ойымен бөлісті

Қасым-Жомарт Тоқаев, жасанды интеллект, IT, сурет - Zakon.kz жаңалық 11.12.2024 18:40 Сурет: akorda.kz
Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жасанды интеллект саласын дамытуға қатысты ойымен бөлісіп, Қазақстанның ІТ сектордағы әлеуеті зор екенін атап өтті, деп хабарлайды Zakon.kz.
"Білім мен инновацияға негізделген экономика құру қажет. Технологиялық және экономикалық тұрғыдан озық ел болу үшін, ең алдымен, адам капиталы, цифрландыру және жасанды интеллект саласын дамытуға баса мән беру маңызды. Қазіргі заманда онсыз болмайды. Себебі қазір күллі әлем жұртшылығы цифрлық әлемде өмір сүріп жатыр деуге болады. Сарапшылардың айтуынша, жасанды интеллект технологиясының тиімділігі жыл өткен сайын арта түспек. Сондықтан алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Қазақстан Еуразиядағы аса ірі цифрлық хабқа айналуға тиіс. Цифрлық даму мәселесіне тың, жаңаша көзқараспен қарау қажет", – деді Президент.

Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында Ұлттық жасанды интеллект орталығын құру туралы бастама көтергенін еске салды. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл идеяны одан әрі өрістетуді, яғни Орталыққа халықаралық мәртебе беріп, оны аймақтағы жасанды интеллектті дамытатын басты институтқа айналдыруды ұсынды.

"Alemai халықаралық орталығы жасанды интеллект қозғалысының темірқазығына және Қазақстанның цифрлық трансформациясының символына айналуға тиіс. Бұл алаң еліміздегі ең мықты мамандардың басын қосып, әлемнің түкпір-түкпірінен таланттарды жинайды. Мұнда ғылыми және тәжірибелік-конструкторлық зертханалар, бағдарламалау мектебі және халықаралық технологиялық компаниялардың кеңселері орналасады. Astana Hub пен Alemai нағыз инновациялар фабрикасына айналуға тиіс. Ол үшін халықаралық серіктестерді тартқан жөн. Ғылыми зерттеулерге қолдау білдіріп, экономиканың басты бағыттарына, білім беру және әлеуметтік салаларға арналған шешімдер ойлап табу қажет", – деді Президент.

Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев институционалдық орта қалыптастыру маңызды деп санайды

Мемлекет басшысы өзінің тапсырмасы бойынша Үкімет Жасанды интеллектті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын қабылдағанын айтты.

"Құрамына жетекші халықаралық сарапшылар кіретін Жасанды интеллектті дамыту жөніндегі кеңес құруды тапсырамын. Бұл қадам біздің институционалдық ортаны үздік әлемдік стандарттармен үйлестіруге мүмкіндік береді. Парламент депутаттары "Жасанды интеллект туралы" заң жобасына бастамашы болғаны мәлім. Заңды әзірлеу жұмысына мұқият қараған жөн. Нейрожелілер үлкен мүмкіндіктерге жол ашып қана қоймайды, сондай-ақ оның қауіп-қатері де бар. Мәселен, қазір жалған ақпарат таратып, қоғамдық пікір қалыптастыру үшін ақ-қарасын ажырату қиын фейктер жиі жасалады. Сондықтан жасанды интеллектті жауапкершілікпен қолдану қағидаттарын, этикалық аспектілерін заң жүзінде бекіту керек. Сондай-ақ оның дамуы мен қолданылуы барысында ашықтықты, жариялылықты қамтамасыз ету қажет", – деді Президент.

Мемлекет басшысы саланың инфрақұрылымын дамыту мәселелері жөнінде сөз қозғады. Өйткені ЖИ технологияларына заманауи есептеу қуаты керек.

"Бүгінде әлемдік нарықта есептеу ресурстарының тапшылығы сезіледі. Алдағы уақытта оған қажеттілік арта түспек. Сондықтан Үкіметке дата-орталықтар салу үшін ірі халықаралық компанияларды тартуға, сондай-ақ киберқауіпсіздіктің әлемдік стандарттарын енгізуге және мамандардың біліктілігін арттыруға бағытталған тиісті жағдай жасауды тапсырамын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тағы бір маңызды міндет – деректерді сапалы түрде цифрлық форматқа көшіру және жүйелеу. Үкіметке деректер жиынтығын қалыптастыру бағытында шара қабылдау тапсырылды

Ол мемлекеттің, бизнестің және ЖИ-ға қызығушылығы зор азаматтардың жасанды интеллект модельдерін ойлап табуына, білім алуына және дамуына жол ашады.

"Бұл салада тыңғылықты атқарылған істің бір мысалы – KazLLM тіл моделі. Біз жасанды интелектті қазақша ойлауға, сараптауға және сөйлеуге үйреттік. Бұл айтарлықтай жетістік қазақ тілін цифрлық ортада дамыту үшін зор мүмкіндік береді. Басталған үлкен істі жалғастыру керек. Алдымызда түрлі сипаттағы деректерді бір мезетте қолдана алатын Қазақ тілінің мультимодальды тілдік моделін жасау міндеті тұр. Үкіметке осы бағыттағы жобаларды қаржыландыру мәселесін пысықтауды тапсырамын", – деді Мемлекет басшысы.

Президент азаматтардың жасанды интеллект саласындағы сауатын ашып, біліктілігін арттыру қажет екеніне назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бес жыл ішінде 1 миллион адамды жасанды интеллект дағдыларына үйрету міндетіне ерекше көңіл бөлген жөн. Оқушыларға, студенттерге, мемлекеттік қызметкерлер мен кәсіпкерлерге арналған бағдарламаға барынша қолдау көрсетілуге тиіс.

"ЖИ технологиялары саласындағы отандық және халықаралық білім беру бағдарламалары еліміздің кадрлық әлеуетін арттыруға үлес қоса алады. Үкіметке жасанды интеллект бағытында маман даярлауға арналған AI-Sana бағдарламасын кезең-кезеңімен жүзеге асыру мәселесін қарастыруды тапсырамын. Аталған бағдарлама оқу, зерттеу және стартаптарды әзірлеу үдерістері тоғысатын динамикалық экожүйені қалыптастыруға ықпал етуге тиіс. Әлемнің жетекші университеттерінің акселерация тәжірибесін қолданған дұрыс. Жасанды интеллекттің пайдасын Қазақстанның әрбір тұрғыны білуі керек. Оның не үшін қажет екенін, қалай дұрыс қолданылатынын ыждаһаттықпен түсіндірген жөн", – деді Президент.

Үкіметке азаматтардың жасанды интеллектті күнделікті қолдануына арналған механизмдерді енгізу шараларын қабылдау міндеті жүктелді.

"Қазақстанның инновация мен озық технологияны дамыту ісінде көш бастауға мол мүмкіндігі бар. Цифрландыру және жасанды интеллектті кеңінен енгізу еліміздің қарыштап дамуына кепіл болуға тиіс. Мұндай өршіл мақсатқа қол жеткізуге қауқарымыз жетеді. Мен оған сенімдімін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін Президентке жасанды интеллект саласындағы отандық өнімдер таныстырылған болатын.

Мақаламен бөлісу
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: