Президентке жасанды интеллект саласындағы отандық өнімдер таныстырылды

Қасым-Жомарт Тоқаев, жасанды интеллект, отандық өнімдер , сурет - Zakon.kz жаңалық 11.12.2024 18:37 Сурет: Ақорда
11 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев AIemai халықаралық жасанды интеллект орталығына барды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ақорданың хабарлауынша, орталық елімізді жасанды интеллектке бағдарланған мемлекетке айналдыру, сондай-ақ қоғамдық және экономикалық өмірінің барлық саласында ақпараттық технологиялардың дамуын қамтамасыз ету мақсатында құрылады.

Президентке Nur Alem сферасында орналасатын AIemai жасанды интеллект орталығының тұжырымдамасы таныстырылды.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, Орталық жанынан Tomorrow School және Tumo Education мектептері ашылады. Мұнда жыл сайын мыңнан астам оқушыға бағдарламалау машықтарын, роботты техниканы және басқа да креативті технологияларды үйрету, сондай-ақ жоғары білікті 1000 маман даярлау жоспарланып отыр. AIemai халықаралық орталығы стартаптар акселерациясы және зерттеу жобаларын қолдауға арналған кампус ретінде қызмет көрсетеді.

Президентке инкубация және акселерация бағдарламаларына қатысып жатқан, келешегі зор отандық стартап жобалар мен компаниялар туралы ақпарат берілді.

Олардың арасында тұтынушылармен байланысқа арналған дыбысты роботтарды әзірлеуге және енгізуге маманданған Cybernetai, иммунды терапия және диагностика салаларындағы күрделі міндеттерді шешуге өз үлесін қосуға ниетті ArlanBiotech компаниялары бар. Ал перспективасы зор тағы бір стартап – Higgsfield AI ғалымдар мен инженерлерге күрделі компьютерлік модельдерді үйретуге көмектесетін озық жүйені ойлап тапты.

Сондай-ақ Мемлекет басшысына Tik-Tok және Netraсker компанияларының еліміздегі қызметі туралы баяндалды

Салық жеңілдіктері, визалық қолдау және басқа да қолайлы шарттардың нәтижесінде шетелдік компаниялар мен IT-мамандар Astana Hub экожүйесінің қатарына қосылуда. Қазіргі кезде ғылыми-зерттеу жобаларын бірлесе жүргізіп, жаңа өнімдер әзірлеу мақсатында елімізде Telegram, TON, Tether, Google, EPAM және басқа да әлемдік ІТ-индустрия өкілдіктерінің кеңселерін ашу үшін келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект саласындағы отандық өнімдерді тамашалады. Олардың арасында кен орындарының цифрлық телнұсқасы, дрондарды басқару және өндіріске арналған робот-ит секілді индустриялық шешімдер бар.

Президентке мемлекеттік қызмет көрсету барысында қолданылатын жасанды интеллект технологияларының үлгілері таныстырылды. Сондай-ақ AITU экожүйесінің мүмкіндіктері, Nazarbayev University жанынан құрылған Жасанды интеллект институтының (ISSAI) жобалары – KazLLM алғашқы қазақ тілі моделі мен SoyleApp көпфункционалды қосымшасы туралы баяндалды.

Мақаламен бөлісу
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: