"Қазақ, қырғыз, ноғайдан басқа жылқы етін жейтін өзге жұртты білмеймін. Қытайды айтудың керегі жоқ, олар жандының бәрін жейді", деген екен Серікжан Біләшұлы.
– Жылқыда өт жоқ. Содан болса керек, жылқы етін қырық жыл жеп өтті құрттық. Өт толған. Енді сол сүйікті жылқы етінен бас тарттым. Бір жылға таяды, қазы-қарта, жал-жая көрмедік. Ара-тұра қонағасыларда жегеніміз болмаса, баяғыдағыдай соғымға бір жылқы сойып алуды қойдық, – дейді ол.
Батыс жұрты жылқы жемейді. Жылқы етін жейміз десең жиіркене қарайды. Біздің қазақ "Иттің етінен жек көрем" дейді ғой бірдеңені қатты жаман көрсе. Тура сол секілді жылқы жегіштер де Батыстықтар назарында тым сүйкімді емес. Батысты айтпалық, исламға ұйыған жұрттар ішінде жылқы жегіштер осы қазақ-ноғай-қырғыз. Араб та, түрік те жылқы етін жемейді. Қысқасы, иісі мұсылман ішінде жылқы жегіштер біз ғанамыз.
Жемеген жұрттар ештеңеден кем қалмапты. Жеген бізге де мүйіз шықпапты.
Ет жегіштігімен мақтанатын қазақ көп. Негізі ол жақсы қасиет емес. Атам қазақ айтады "жақсы көргенін айтады, жаман жегенін айтады" деп. Ет жегеннен төбеміз көкке жеткен жоқ. Осы ет жегіштігімізбен өзге жұрттан асып, айға ұшып кетсек қанеки?! Шөп-шалаң жеп-ақ бізден асып барады көп жұрт. Дені сау. Ұзақ жасайды.
Қазақтың өмірі қысқа. Халқымыз өспей жатыр. Мына ұланғайыр жерге лайық халық жоқ.
Ендеше, салауатты өмір салтын қалыптастырайық. Ауру астан деген. Етті азайтып, шөп-шалаңға ойысайық. Спортқа мән берейік. Тұтас ұлт болып ұзақ өмір сүруге талпынайық. Қазақты көбейтейік. Сан да, сапа да өссін. Түбі жаһандық соғыс болады. Одан сақтану мүмкін емес. Қытаймен соғысуымыз бек мүмкін. Соған әр қазақтың жаны да, тәні де дайын болсын! Сол үшін әр қазақ шынықсын. Мен шынығып, жаттығып жүрмін. Сен де баста, – деп отыр АҚШ-та жүрген Серікжан Біләшұлы.