ХХ ғасырда әлемнің әртүрлі аймақтарында бірқатар модернизация секірістері болды. Алдымен 1970 жылдардағы "Азия жолбарыстарының" толқыны, одан кейін Қытайдың жетістігі, 2000 жылдардағы Шығыс және Орталық Еуропа елдерінің дамуы, қазіргі кезде Бразилия, Индонезия, Мексика және басқа елдердегі модернизация процестері. Бұл мысалдар халықтардың тарихи даму қиындықтарын еңсеріп, әлемдік иерархияда жоғары орындарға көтеріліп, мемлекетін түбегейлі жаңарта алғанын көрсетеді.
Қазақстан өзінің жаңғыру жолын 1990 жылдары бастады. Еліміздің жаңғыруы мен алға серпілісі 1990 жылдары күрделі тарихи кезеңге тап болды. Бұл халықаралық қауіпсіздік, энергетика және мұнай нарықтары саласындағы маңызды оқиғалардың, сондай-ақ "Еуразия" деп аталатын жаңа аймақтың қалыптасуының кезеңі болды.
Қазақстан осы оқиғалардың ошағында және жаңа аймақтың дәл орталығында болды. Бұл 70 жылдан астам өмір сүрген халықаралық саяси жүйе күрт күйреп, әлемдік ойыншылар әлі белгісіз жағдайларда диалог пен ынтымақтастықтың қолайлы форматын іздеген белгісіздік пен жаһандық турбуленттілік кезеңі болды.
Қазақстан осы оқиғалардың ошағында және жаңа аймақтың дәл орталығында болды. Бұл 70 жылдан астам өмір сүрген халықаралық саяси жүйе күрт күйреп, әлемдік ойыншылар әлі белгісіз жағдайларда диалог пен ынтымақтастықтың қолайлы форматын іздеген белгісіздік пен жаһандық турбуленттілік кезеңі болды. Қазақстанның мемлекет ретінде қалыптасуы "қайнап жатқан" халықаралық жағдайда өтті.
Ашығын айту керек, еліміздің Тұңғыш Президентінің тұлғасы Қазақстан тарихындағы ең маңызды факторға айналғаны анық. Тарихты бір адамның өзгерте алатыны бірнеше рет байқалды.
Жауапкершілікті өз мойнына алу, ел дамуына нақты көзқарас пен оны қорғай білу сияқты қасиеттер тарихтың шешуші және бетбұрыс кезеңдерінде ел басқарған тұлғаларға тән. Осы орайда, Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан тарихындағы рөлін Түркиядағы Мұстафа Кемал Ататүріктің, Франциядағы Шарль де Голльдің, Малайзиядағы Махатхир Мохамадтың, Қытайдағы Дэн Сяопин, Сингапурдағы Ли Куан Юның өз мемлекеттерінің дамуындағы рөлімен салыстыруға болады.
1991 жылы 1 желтоқсанда халық президент етіп сайлаған Назарбаев өз мемлекетінің, өз сөзімен айтқанда, "тұңғиықтың шетінде тұрған" проблемаларының бар жүгін өз мойнына алды.
КСРО-ның ыдырауы қарсаңындағы Қазақстанның жағдайы біршама қиын болды. Статистикаға сүйенсек, экономикалық және технологиялық жағынан дамыған елдерден қалып қойған Кеңес Одағында Қазақстан осы екі сала бойынша ең соңғы орындарды иеленді.
Ашығын айтқанда, КСРО кезінде Қазақстанға аграрлық-шикізаттық қосымша рөлі жүктелді. Сондықтан Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін еліміз қиын кезеңге тап болды. Біріншіден, Қазақстан континенттің ішкі бөлігінде, Ресей мен Қытай сияқты ірі державалар мен Дүниежүзілік мұхиттан шалғай жатқан тұрақсыз оңтүстіктің арасында орналасқан қолайсыз географиялық жағдайда болды. Бұл географиялық жағдай геосаяси қауіппен қатар экономикалық қиындықтарды да тудырды. Бұған қоса, елдің демографиялық құрылымы белгілі бір қауіптерге толы болды.
КСРО-ның ыдырауымен Қазақстанның экономикалық жағдайы одан да қиындай түсті. 1990-1994 жылдар аралығында Қазақстанда өнеркәсіп өндірісі екі есе, ауыл шаруашылығы үштен біріне дерлік, ал көлік үштен екіге қысқарды. Көмір, тау-кен өнеркәсібі және басқа салалардағы өнеркәсіп алпауыттарының жұмысы тоқтап қалды.
Жұмыссыздық көбейіп, жаппай экономикалық көші-қон басталды. Осы жағдайларда Қазақстанға КСРО-да үстемдік еткен тиімсіз экономикалық үлгіні еңсеруге тура келді. Нарықтық экономикаға көшуге ұмтылған елде мемлекеттік институттарды ұйымдастырудың архаикалық тетіктері сақталды.
130-дан астам этнос пен 30 діни конфессия тұратын қоғамда татулық пен келісімді сақтау маңызды болды. Ал сыртқы саясатта Қазақстанға әлемдік қауымдастықтан өз орнын іздеуге тура келді.
Жас тәуелсіз Қазақстан осы кезеңнің барлық қиыншылықтарын Тұңғыш Президентінің басшылығымен бастан өткерді. Алғашқы жылдардағы қиындықтар сәтті еңсерілді. Көптеген дағдарыстар мүмкіндіктерге айналды. Қазақстанның негізін қалаушы - Елбасы дер кезінде дұрыс шешімдер қабылдап, елді дағдарыстан жаңа даму деңгейіне шығара білді.
Назарбаев озық әлемдік даму тәжірибесіне белсене қызығушылық танытты, табысты елдердің тарихын терең зерттеді, Жапония, Оңтүстік Корея, Малайзия және Қытайдың даму жолдарын үлгі ретінде қарастырды. Дегенмен Қазақстан ешқашан шетелдік даму үлгілерін көшіріп көрмегенін айта кеткен жөн. Не азиялық, не еуропалық, не американдық үлгілер Қазақстанға толық сәйкес келмейді.
Елбасы әлемдік тәжірибенің әмбебап принциптерін айқындай отырып, оларды ұлттық жағдайларға шебер қолдана білді және Қазақстан үшін ерекше тиімді реформалар, даму және басқару моделін қалыптастырды.
Н. Ә. Назарбаев мемлекет дамуының барлық салаларында реформалар бағдарламасын әзірлеп, ұлттық жаңғырту сәтті жүзеге асырылды. Елбасы өзінің даму формуласын ұсынды: "Алдымен экономика, содан кейін саясат".
Басқаша айтқанда, демократиялық институттардың дамуы үшін алдымен экономикалық дамуды жүзеге асыру қажет болды. Бүгінде бұл тәжірибе "Назарбаев үлгісі" немесе "Қазақстандық жол" деген атпен белгілі. Бұл модельдің негізінде кезеңді реформалар арқылы ойластырылған мемлекет құру жатыр.
Мақсаттары бірін-бірі толықтыратын жаңғырудың 3 кезеңі жаңару мен дамудың біртұтас процесін құрайтынын ерекше атап өткен жөн. Тұрақты мемлекеттік құрылым мен күшті президенттік жүйе елде реформалар жүргізуге мүмкіндік берді.
Жалпы, бұл үдерістің басты нәтижесі – қазіргі Қазақстан 1990 жылдардағы өмір сүру үшін күрес кезеңін әлдеқашан артқа тастап, ең дамыған елдердің қатарынан ерекше орын алу үшін жаһандық бәсекелестік кезеңіне шықты.
Елбасының "көпвекторлы" тұжырымдамасымен айқындалған салмақты сыртқы саясатының арқасында Қазақстанның қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, еліміз халықаралық қауымдастықтың беделді мүшесіне айналды.
Тұңғыш Президенттің халықаралық аренада ұсынған идеялары мен бастамаларының басым бөлігі жүзеге асты. Қазақстан жаһандық ядролық қауіпсіздік саласындағы негізгі елдердің біріне айналды, бітімгершілік саясатта және Таулы Қарабақ төңірегіндегі қақтығыстарды реттеуде, Иранның ядролық дағдарысында, Украинада, Сирияда және басқа да елдерде бірқатар нәтижелерге қол жеткізді.
Қазақстанның бейбітсүйгіш саясаты еліміздің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ), Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ), Ислам ынтымақтастығы ұйымының (ИЫҰ) төрағасы, БҰҰ-ның тұрақты емес мүшесі болып сайлануына ықпал етті.
2017-2019 жылдары Назарбаевтың еуразиялық идеялары негізінде Еуразиялық экономикалық одақ құрылды. Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кірді және ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырудың арқасында Шығыс пен Батыс арасындағы көлік және сауда дәліздері бойынша орталық елге айналды.
Айтпақшы, Қазақстанның Бірінші және Екінші Президенттері әрқайсысы өз істерімен айналысады және қос билік жоқ, болуы да мүмкін емес. Қазақстан француздық, ресейлік және ішінара американдық сияқты президенттік басқару нысанындағы унитарлы мемлекет болды және болып табылады.
Ел дамуының стратегиялық бағытын Елбасы айқындайды. Екінші Президентке билік өткеннен кейін ол биліктегі "Нұр Отан" партиясының көшбасшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының басшысы және ішкі және сыртқы саясат мәселелерін шешетін, Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы болып қалады және кадрларды тағайындауды үйлестіруге қатысады.
Керімсал Жұбатқанов, Қазақ-Орыс халықаралық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты