Еліміздегі көптеген футбол клубтарының стадиондары ескі, әбден тозығы жеткен.
Содан да шығар, облыс әкімдіктері стадиондарын 4-5 жыл сайын қайта күрделі жөндеуден өткізеді. Оған шетелдегі мемлекеттердің жаңа стадион салатын қаржысына шамалас ақша жұмсалады. Сол сомаға неге облыс орталықтарына халықаралық стандартқа сай келетін стадиондар салып алмасқа?! Бұл – біз үшін әлі күнге дейін күрмеуі шешілмеген өзекті мәселе, деп жазады aladop.kz.
Айталық, Еуропаның кейбір шағын қаласында 8 мың адамдық стадион көп. Сәулетіне қарап көз сүйсінеді. Бізде ше? Бізде жарты миллионнан астам халық қоныстанған облыстарда 10-15 мың орындық заманауи стадион салудан гөрі ескі-құсқы жыртығымызды жамаған әлдеқайда тиімді. Сондықтан жыл сайын біріншілік басталған тұста жасанды алаңдар ойын өткізуге жарамай, бірқатар команда маусым ортасына дейін жан-жаққа тентіреп, өзге алаңдарда доп тебеді.
Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болғанымен, елімізде содан бері тек екі футбол стадионы салынды. Бірі 30 мың жанкүйер сыятын "Астана Арена", екіншісі Түркістандағы 7 мың орындық "Түркістан-Арена". Осыдан-ақ Қазақстандағы футболдың қаншалықты баяу дамып жатқанын бағамдай беруге болады.
Қазақстанда ұлттық құрама ойынын өткізуге лайық 2-3 стадион бар. Негізінен, ойындар "Астана Арена" мен Алматының орталық стадионында өтеді. Ақтөбедегі Қобыланды батыр атындағы стадионда да ара-тұра негізгі құрама мен жастар құрамасының кездесулері ұйымдастырылады. Қалған стадиондар ФИФА мен УЕФА талаптарының төменгі деңгейіне де сай келмейді. 182 миллион долларға салынған "Астана Арена" 2009 жылы пайдалануға берілсе, 2020 жылы 39 миллион долларға "Түркістан-Арена" бой көтерді. Ал қалған стадиондардың жыртығы жамалудай-ақ жамалып келеді.
Қазақстанда стадион салудан бөлек, оларды қайта жөндеу жұмыстарының өзі дұрыс жүргізілмейтінін айтқан спорт шолушысы Әділ Саптаев тексеру жұмыстарын жүргізетін тиісті органдар алдымен осыны мұқият қадағалауы керек деген ойын жеткізді.
– Стадион мәселесі қазақ футболының кежегесін кейін тартып тұр десек те болады. Оның зардабын кейбір клуб маусым басталғанда тартады. Сапасыз жөндеу жұмыстарының салдарынан жыл сайын екі-үш команда ҚФФ сертификатынан өте алмайды. Бізге алдымен қайта жөндеу жұмыстарын сапалы жүргізген жөн. "Камп Ноуды" қараңыз, келесі жылы олар стадионды қалпына келтіруге 1 миллиард еуро жұмсамақшы. Бұл тәжірибе еуропалық футбол үшін қалыпты жағдай. Ол жақта бізден ертерек салынған стадион көп, бірақ сапалы жұмыстың арқасында олардың ескілігі байқалмайды. Жаңа стадиондар керек емес деп ешкім айтпайды, бірақ Түркістандағы арена сияқты шағын стадиондарға 39 миллион доллар жұмсау дегеніңіз, көңілге қонымсыз дүние. Дренаж жүйесі дұрыс жұмыс істемейтін арена пайдалануға берілген күні-ақ сынның астында қалды. "Қаражаттың барлығы құрылысқа жұмсалды ма?" деген сұраққа әкімдік те, мердігерлер де жауап бермеді. Жұртшылық арасында "неліктен Қазақстанда стадиондарды қалыпты реконструкциялау жұмыстары дұрыс жүргізілмейді?" деген сауалдар туындайтыны рас. Бұл жұмыстарды жүзеге асыруға қанша қаражат бөлу керегін облыс басшылары шешеді. Ал стадиондарды сертификаттау мәселесі бойынша ҚФФ қолданып жүрген шаралар тіпті адамның күлкісін келтіреді. Жылдың басында сертификаттаудан өтпеген командалардан үш ұпай шегереді. Сөйтіп, олар басқа қаладағы алаңдарда ойындарын өткізеді. Бірақ соңғы турға дейін стадиондарындағы ақауларын жөндесе, шегерілген ұпайлары қайтарылады. Бұл – дұрыс емес. Клубтарды маусым басталғанда алаңдары дайын болмаса қатаң түрде жазалау керек. Тиісті органдар стадиондарды қалпына келтіруге бөлінген қаржының қайда кетіп жатқанын да мұқият қадағалау керек, – дейді Әділ Саптаев.
Қызылордадағы Ғани Мұратбаев атындағы орталық стадионы да бірер жыл бұрын күрделі жөндеуден өтті. Алайда "Қайсар" футбол клубының жанкүйерлері трибуна ортасында тұрған тірек балкаларының тым үлкен диаметрлі екенін айтып шағымданған. Бірақ ол еш өзгеріссіз қалды. Футбол көруге кедергі келтіретін мұндай балкалардың адам өміріне қауіпті болғандықтан, УЕФА оны трибуна ортасына салуға рұқсат бермеген. Оны ескерген ешкім жоқ. Бас-аяғы 4 миллион еуро көлемінде ақша жұмсалып, стадион қайта жөндеу көрді.
Шымкенттегі Қажымұқан атындағы орталық стадионның да жаңартылғанына көп бола қоймады. Күрделі жөндеу жұмыстарына жұмсалатын қаржы белгілі болған тұста спорт комментаторы Ермұхамед Мәулен оған жұмсалатын соманың тым жоғары екенін, мұндай ақшаға екі су жаңа екі стадион салуға болатынын айтып, басшылықты сынға алған. Сол кезде ол: "Осыдан 10 жыл бұрын салынған "Сиваспор" клубының "Сивас" атты стадионы 27 млн еуроға салынған. 25 мың адам сыяды. Ал Чехиядағы "Виктория Пльзень" командасының 10 мың адам сыятын керемет стадионының құрылысына 16 млн еуро жұмсалған. Шағын әрі еуропалық стандартқа сай. Бізде Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионды 44-45 млн еуроға жөнделді", – деп Қазақстан мен шетелдердегі ақшаның қалай жұмсалатынын жақсы мысалдармен анықтап көрсетіп берген.
Спорт журналисі Ербол Қайыров біздегі қайта жөндеу жұмыстарына кететін қаржыға шетелдерде, әсіресе Түркия, Словакия, Словения, Швецияда жаңа стадион салынатынын айтады.
– Қазақстанда жаңадан салынған стадиондар аз. Бір-екі жылдықта Алматыдағы орталық стадионға реконструкция жасалады. Бізде Премьер-лига клубтары жаңа стадион салайын десе, маусымда ойын өткізетін алаңдары болмай пұшайман күйге түседі. Сосын өз алаңындағы кездесулерін басқа қалада өткізуге тура келеді. Тек қостанайлықтарда жақсы мүмкіндік бар. Олар жарты ойындарын манежде өткізеді. Сол Қостанайдағы орталық стадионға 2017 жылы реконструкция жасалған болатын. Бірақ стадион бәрібір де UEFA-ның талаптарына сай келмеді. Еурокубоктегі "Жилинаға" қарсы ойынды да амалсыз "Астана Аренада" өткізді. Енді "Тобыл" келер жылы Чемпиондар лигасына қатысады. Сол себепті облыс басшылығы орталық стадионға қайтадан реконструкция жасамақшы. Біздің стадиондарымыздың басым бөлігі ескі. Оларға әр 3-4 жыл сайын қайта жөндеу жұмыстарын жүргізгеннен еш пайда жоқ. Одан да жаңа стадион салған дұрыс. Атап айтқанда, елімізде "Түркістан-Арена" секілді стадиондар көп болуы керек. Бір қуантарлығы, таяуда "Қайрат" өздеріне қосалқы стадион салады. Өйткені олар орталық стадионды қайта реконструкциялаған кезде біріншіліктегі ойындарын сол қосалқы стадионда өткізеді, – дейді Ербол Қайыров.
Алматыдағы бастама көңілге аз да болса жұбаныш сыйлайды. Енді бірер жылда Ақтауда жаңа стадион бой көтермекші екен. Мұндай дәстүрді өзге де өңірлер жалғастырса, елімізде стадион мәселесі шешімін табар еді. Жалпы алғанда, біздегі футбол клубтарына орта деңгейдегі 10-15 мың жанкүйерге арналған заманауи стадион салатын кез жетті. Әр облыста жаңа стадион салынбай, тозығы жеткен стадионды жөндей бергеннен еш пайда жоқ. Ел бюджетінің қомақты қаражатын легионерлерге жұмсағанша, спорттық инфрақұрылымды жөнге келтіргеніміз абзал. Егер әр қалада UEFA талабына сай бір-бір стадион мен футбол базаларын cалсақ, ел футболының еңсесі биік болады.
Абылайхан ЖҰМАШ