Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауы ауқымында елімізде 2025 жылдың соңына дейін кемінде 1000 мектеп құрылысының іс-шаралар жоспары бекітілгені баршаға аян.
Осы іс-шара аясында облыс бойынша 77 жаңа жалпы білім беретін мектептің құрылысы жоспарлануда. Оның 51-і шағын жинақты мектеп, 26-сы нысаналы мектеп. Мектеп құрылысы есебінен апатты және үш ауысымды, орын тапшылығы бар мектептер мәселесі шешілетін болады. Өңірдегі 15 мыңнан астам мектеп педагогтерінің жүктемесі 18-ден 16-ға дейін қысқарды. Жаңа заңның қабылдануымен облыстың 20 мыңнан астам педагогінің жалақысы ұлғайтылды. Өңіріміздің үш педагогіне «Батыс Қазақстан облысының білім беруді дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісі табысталып, біржолғы сыйақы берілді. Үздік жетістіктері үшін облыстың бір педагогіне «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы берілді, - деп атап өтті Айгүл Мыңбаева.
Облыс бойынша оқушылардың 91,7%-ы қосымша білім берудің барлық түрімен қамтылған. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде кітап оқу арқылы әлемге деген қызығушылық мектеп қабырғасынан қалыптасуы тиіс екенін атап өткені белгілі. Бұл тапсырманы орындау үшін «Оқуға құштар мектеп» жобасы енгізілді.
Облыс бойынша 316 мектепте кітапхана жұмыс істейді. Мектеп кітапханаларына аутоматтандырылған «Е-кітапхана» және «MARSCQL» бағдарламалары енгізіліп, 68 мектепте коворкинг орталықтары құрылған. Үш жыл ішінде мектептерге 993 мың дана көркем әдебиет сатып алынды.
Шалғайдағы ауылдық елді мекендерде оқушылардың сапасын қолдау және арттыру, педагог қызметкерлерге қажеттілікті азайту мақсатында 2020-2021 оқу жылынан бастап «Мобильді мұғалім» жобасы енгізілді. Облыс бойынша педагогтердің 56,9%-ы және білім беру ұйымдары басшыларының 24%-ы жаңа сипаттағы аттестаттаудан өтіп, жалақыларына үстемеақы алады. 73 мекеме басшылары ротацияланды. Шағын қалалардағы, аудан орталықтарындағы және ауылдардағы мектептерді жаңғырту шеңберінде соңғы екі жылда жергілікті бюджеттен облыс мектептерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 1 млрд 50 млн теңге, оның ішінде мектеп жиһазын сатып алуға 110,0 млн теңге және пәндік кабинет (физика, химия, биология) сатып алуға 940,0 млн теңге бөлінді. Соңғы екі жылда Орал және Ақсай қалаларының мектептерін материалдық-техникалық жарақтандыру үшін жан басына шаққандағы қаржыландыру шеңберінде пәндік кабинеттер, аутокөлік, компьютерлік жабдықтар, жиһаз және т. б. сатып алуға 1 433,0 млн теңге қаражат бөлінді, – деді Айгүл Әділгерейқызы.