"Тайвань туралы сөйлессек, бүгінде бұл - өзекті мәселе. Жақында және бірнеше рет Сіз кез-келген мемлекеттің территориялық тұтастығын сақтау өте маңызды деп айттыңыз. Сондай-ақ Тайванның тәуелсіздік идеясына қатысты пікір білдірдіңіз. Осы жайына толығырақ тоқтала отырсаңыз", - деді CCTV телеарнасының тілшісі Мемлекет басшысына.
"Біз бұл мәселе бүкіл әлемге әбден түсінікті болуы керек деп санаймыз. "Екі Қытай" деген болмауы керек. Тайвань – Қытайдың бір бөлігі. Барлық мемлекеттердің территориялық тұтастығы қағидаты Біріккен ұлттар ұйымының Жарғысында бекітілген. Оны сақтау қажет. Бұл қағида Шанхай ынтымақтастық ұйымының Декларациясы мен Жарғысында да іргетас болып қаланған. Сондықтан тағы бір мәрте баса атап өтемін: бұл бізге түсінікті жайт: Тайвань – Қытайдың бір бөлігі. Әрі бұл тұрғыда бізде ешқандай күмән жоқ".Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев
Қазақстан биыл Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына төрағалық етеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың әуел бастан ШЫҰ-ға үлкен қолдау көрсеткенін атап өтті.
"Бұл ұйым 1996 жылы Шанхайда өз жұмысын бастады. Ол кезде Қазақстанның Сыртқы істер министрі болып тұрғанымда оның алғаш іске қосылу рәсіміне қатысқан болатынмын. Мен Шанхай ынтымақтастық ұйымының жұмысына әуел бастан қатысқанымды мақтан тұтамын". Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев
Мемлекет басшысы Қазақстан осы ұйымның болашақ төрағасы және саммитті ұйымдастырушы ел ретінде ШЫҰ әлеуетін арттыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынын атап өтті. Оның айтуынша, бұл қазіргі әлемге кеңінен танымал әрі ықпалды ұйым.
Айта кетсек, Қытайдың CCTV телеарнасының Leaders Talk бағдарламасына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сұқбат берді. Өз сұқбатында Президент Қытай Қазақстанның сыртқы саясатында өте маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Сондай-ақ Қытай мен Орталық Азияның бір-біріне жақындасуы және оған алаңдаушылық білдірушілерге қатысты өз пікірін жеткізді.