Батыс Қазақстан облысы 2020-2022 жылдары республикалық бюджетке және Ұлттық қорға ақша қаражатын аудару көлемі бойынша донор өңірлермен бірдей аударып отыр. 2022 жылы республикалық бюджетке (371,5 млрд.теңге) және Ұлттық қорға (1 386,9 млрд. теңге, көлемі бойынша - 2 орын, Ұлттық қорға түскен түсімнен үлесі - 21,7%) ақша қаражатын аударудың үлкен көлемі кезінде БҚО жергілікті бюджетіне түсетін түсім көлемі бойынша (148,1 млрд. теңге) субвенциялық өңірлер арасында 10-орында тұр.
Бұл ретте, жергілікті бюджет 2022 жылы 207,8 млрд.теңге трансферт алды. Трансферттердің түсу көлемі бойынша облыс субвенциялық өңірлер арасында соңғы орында (БҚО-дан кейін тек Павлодар облысы мен өткен жылы ашылған Абай, Ұлытау облыстары).
"Айта кету керек, кейбір өңірлердегі республикалық бюджеттің трансферттері осы өңірлерден республикалық бюджетке және Ұлттық қорға есептелген салықтардан 7 есе артық. БҚО-да жергілікті бюджетке салық түсімінің аз болуының себебі облыс аумағында мұнай-газ саласында жұмыс істейтін бірқатар компаниялар заңды тұлғаның тіркелген жері бойынша басқа өңірлердің бюджеттеріне салық төлейтіндігіне байланысты. Салдарынан жергілікті бюджет миллиардтаған теңге ала алмайды. Сонымен қатар облыста жұмыс істейтін квазимемлекеттік компаниялардың бөлімшелері де ("ҚТЖ" ҰК" АҚ, "KEGOC" АҚ, "ҚазТрансОйл" АҚ және т.б.)филиалдың орналасқан орны бойынша басқа өңірлерге төлеп отыр", - деді депутат Абзал Құспан.
Ол жер қойнауы мен инфрақұрылымын пайдаланудан кіріс алатын барлық компания әлеуметтік жауапты бизнес жүргізіп, компаниялар негізгі кірістерді алатын өңірдің бюджетіне жергілікті салықтарды төлеуі тиіс деп есептейді
"Мемлекет басшысының бюджетті әділ бөлу туралы тапсырмасына Батыс Қазақстан облысының қазіргі көрсеткіштері қайшы келіп отырғанын көріп отырмыз. Мәжіліс сайлауы өтіп жатқан кезде 2023-2025 жылдарға үшжылдық бюджет бекітіліп кетті, БҚО сұранысы 28% ғана қанағаттандырылуы салдарынан облыс тұрғындары тағыда көп игіліктерден қағылады (салыстырма үшін Түркістан облысының сұранысы 130% қанағаттандырылған)". Депутат
Депутаттың сөзінше, бюджеттің әділ бөлінбеуі салдарынан БҚО-ның қарапайым тұрғындары зардап шегіп отыр. Оған мысал келтіре:
- Қазақстандағы ең сапасыз жолдар БҚО-да, сол себепті де 2022 жылы құрметті Әлихан Асханұлы, Сізді Президент дәл осы жол мәселесімен арнайы БҚО-ға жолдады, бірақ нәтиже әліде жоқ.
- БҚО орталығы Орал қаласын жарықтандыру үшін биылғы жылға 1,8 млрд теңгеге 7 жоба ұсынылса да, оның ешқайсысы қанағаттандырылмаған.
- Қазақстан бойынша ең сапасыз мектептер де БҚО-да. Мысалы, жалпы білім беретін мектептердің 53, 5%-ы 1980 жылға дейін, ал кейбір мектептеріміз 1941 жылға дейін салынған. 115 мектеп бейімделген ғимараттарда орналасса, 48-і саманнан салынған және тозығы жеткен ғимараттарда орналасқан.
- БҚО тұрғындары газ толығымен өзінде өнідірілсе де, осы кезге дейін белгісіз себептермен басқа өңірлерден жоғары баға төлеуге мәжбүр.
- Мысалы, Ақтөбе облысының тұрғындары газ үшін – 10. 51 теңге төлесе, Маңғыстау облысында ол – 10.84 теңгені, ал Атырау облысы – 5,27 тенге құрайды. Енді осы баға БҚО тұрғындары үшін – КазТрансГазАймақ АҚ-мен 16,78 тенге болып бекітілген.
"Осы аталғандардың негізінде, 2023-2025 жылдарға бекітілген бюджетке, БҚО-на трансферт бөлу мәселесі бойынша түзетулер енгізуді және КазТрансГазАймақ» АҚ-мен келісе отырып, БҚО тұрғындарына қатысты газ бағасын реттеуді, атап айтқанда БҚО мен Атырау облысы арасындағы баға айырмашылығын теңдестіріп 16.78 теңгеден 5.27 теңгеге дейін түсіруді, егер ол мүмкін болмаса, республикалық бюджеттен субсидиялау мүмкіндігін қарастыруды сұраймын", - деді Абзал Құспан.