"Біздің экономикалық одақ, сайып келгенде, Еуропа мен Азия, жаһандық Оңтүстік пен Солтүстік арасындағы байланыстырушы буынға айналатындығына сенімдімін. Біз Ресей Федерациясының ҚХР, Үндістан, Пәкістан, Иран, Таяу Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері бағытында дәліздерді қалыптастыру жөніндегі ниеттерін құптаймыз. Транскаспий бағытымен ұштастыра отырып, Солтүстік – Оңтүстік көлік дәлізін дамыту қажеттілігі туралы ой-пайым әбден-пісіп жетілді деп санаймын". ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев
Мемлекет басшысы осы ретте Қазақстан өзінің барлық мүмкіндіктері мен ресурстарын жұмылдыра отырып, ЕАЭО-ның сенімді логистикалық хабы болатынын баса атап өтті. Сондай-ақ ол үлгілі бастама ретінде "Челябинск-Болашақ-Иран" теміржол магистралі бойынша жүрдек жүк пойыздарын іске қосуды ұсынатындықтарын жеткізді.
"Бұл үшін Челябинскіде жүк жинақтайтын орталық аша отырып, "Солтүстік – Оңтүстік" көлік дәлізінің қолданыстағы инфрақұрылымын пайдалануға болады. Біз өзіміздің Бейнеу – Маңғыстау темір жол желісіндегі және Бейнеу – Шалқар автомобиль жолындағы талапқа сай келмейтін учаскелерді қайта салуға әзірміз. Тиісті жүк тасымалы ағынын қалыптастыру үшін күш жұмылдыру маңызды. Сол себепті Қазақстан мұны сөзсіз іске асырады". ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев
Президенттің айтуынша, Бақты – Аягөз темір жолының құрылысын өзара тиімді ынтымақтастығымыздың нақты мысалы деуге болады. Оның іске қосылуы Қазақстанның да, Ресейдің де Қытай бағытына жөнелтетін жүк көлемін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді.