Ілияс Оспанов барлық әлеуметтік нысан жаңа жылыту маусымына дайын емес екенін баяндады.
"Білім беру нысандарының дайындығы - 88%, яғни 10 677 жоспар бойынша 9 399 нысан іс жүзінде дайын. Дайындықтың төмен көрсеткіші Маңғыстау (52,1%), Алматы (64,4%), Жамбыл (77,8%) облыстарынан байқалады. Оқу жылының басталуына бір аптадан аз уақыт қалғанын ескере отырып, аталған аймақтарда жедел шаралар қабылдау қажет", - деді вице-министр.
Министрліктің мәліметінше, жылу беру маусымына сол аймақтағы денсаулық сақтау нысандары да онша дайын емес.
"Денсаулық сақтау нысандары бойынша да жағдай осындай: дайындық - 88,6%, яғни 5661 нысанның бүгінде 5015-і дайын. Төмен көрсеткіштер Алматы (58,1%), Маңғыстау (68,6%) облыстары және Алматы қаласында (74,2%) байқалды", - деді вице-министр.
50 021 үйдің 37 555-інде (75,1%) дайындық аяқталды. Маңғыстау (26,1%), Алматы (61,4%) облыстарында және Шымкентте (68,5%) тұрғын үйдің дайындық деңгейі төмен.
Министрлік өкілі әкімдіктерді қыркүйек айының соңына дейін жылу желілеріндегі жөндеуді аяқтап, білім беру нысанының толық дайындығын 1 қыркүйекке дейін қамтамасыз етуге, ал 15 қазанға дейін денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй қорын дайындауға шақырды.