Мемлекет басшысы бұл ретте бюджетаралық қатынастарды түбегейлі өзгерту де өте өзекті мәселе екенін айтты. Жаңа экономикалық үлгіге көшкенде аймақтардың бюджет мәселесіндегі дербестігін арттыру керек.
"Корпоративтік табыс салығынан және басқа төлем түрлерінен түсетін кірістің бір бөлігін өңірлерге беру оң нәтиже көрсетті. Былтыр аймақтар табысының өсімі 30%-дан асты. Сондықтан реформаның келесі кезеңінде осы норманы өзге де салықтарға, оның ішінде қосымша құн салығына да қатысты қолдану қажет. Мұндағы міндет – бюджеттің екінші деңгейіне кем дегенде екі триллион теңге қосымша қаражат беру. Кезең-кезеңімен жүргізілген фискалды орталықсыздандыру жұмысының нәтижесінде жергілікті бюджет кірісінің құрылымындағы республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттің үлесі орта есептен 25 пайызға дейін төмендеуге тиіс (қазір 50%-ға жуық)", - деді президент.
Сонымен қатар мемлекет басшысы аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығын берген жөн деп санайды. Бұл, ең әуелі, сол жердегі мәселелерді жедел шешу үшін қажет.
"Аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығын берген жөн. Бұдан бөлек жергілікті бюджетке жиналатын салыққа қатысты жеңілдіктерді анықтау құқығын аймақтардың өзіне беру мәселесін қарастыру керек. Бұл шара бизнестің дамуына үлкен серпіліс әкелмек. Келешекте аймақтардың табысты дамуына айрықша ықпал етеді".Тоқаев
"Сол себепті барлық әкім бюджетаралық қатынастардың жаңа үлгісіне көшу кезінде оның біртұтас мемлекетімізге тигізетін пайдасы және тиімдігі туралы ойлауы керек" деп қосты президент.