Тоқаев Германия канцлерін Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды

Президент жүргізілген келіссөздер қазақ-герман қатынастарын одан әрі нығайтуға екі тараптың ниетті екенін тағы да растағанын атап өтті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мемлекет басшысы Берлинге сапармен келуге арнайы шақырып, қонақжайлық көрсеткені үшін Олаф Шольцке ризашылығын білдірді, делінген Ақорда баспасөз қызметінің хабарламасында.

"Германия – Қазақстанның Еуропа Одағындағы стратегиялық серіктесі, әсіресе өзара сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстар жолға қойылған. Сондықтан екі елдің ынтымақтастығын нығайтуға баса мән береміз. Біз бүгін құрметті Канцлер мырзамен бірқатар маңызды мәселені талқыладық. Қазақстан мен Германия арасындағы байланыстарды одан әрі дамытуға ерекше назар аудардық".  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев

Президент жүргізілген келіссөздер қазақ-герман қатынастарын одан әрі нығайтуға екі тараптың ниетті екенін тағы да растағанын атап өтті.  

"Қазіргі жағдайда Қазақстан мен Германия екі елдің орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру ісіне барынша прагматикалық тұрғыдан қарауы керек. Ол үшін біздің саяси ерік-жігеріміз бен орасан зор экономикалық әлеуетіміз бар. Келіссөздер барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықтың перспективаларына баса мән берілді. Біз екіжақты сауда-саттықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өттік. Экспорттық және импорттық тауарлар номенклатурасын одан әрі кеңейту үшін пәрменді шаралар қабылдауға уағдаластық", – деді Мемлекет басшысы.

Президент мұнай-газ химиясы, металлургия, көлік және логистика секілді перспективті салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері жан-жақты қарастырылғанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан тарапының жетекші еуропалық компаниялармен қол жеткізген уағдаластықтарын жоғары бағалады.

"Бүгінгі кездесу қарсаңында Siemens, Deutsche Bahn, Siemens Energy, Linde және тағы да басқа негізгі серіктестермен маңызды коммерциялық келісімдерге қол қойылуын құптаймын. Бұл құжаттар мемлекеттеріміз арасындағы экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтуға тың серпін береді", – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика саласындағы кооперацияны дамытуды басты басымдықтардың бірі ретінде атады.

"Өздеріңізге мәлім, Қазақстан жыл басынан бері Германияға "Достық" мұнай құбыры арқылы 500 мың тонна мұнай жөнелтті. Мұның бәрі өзара келісімнің нәтижесінде жүзеге асты. Германиялық достарымыздың өтініші бойынша жеткізілетін мұнай көлемін ұлғайтуға, оның ұзақмерзімді болуын қамтамасыз етуге еліміздің дайын екенін растадым", – деді Мемлекет басшысы.

Президент өз сөзінде екі елдің өзара ықпалдастығын кеңейтетін жаңа мүмкіндіктерге де тоқталды.

"Қазақстан мен Германияның бәсекелестіктегі артықшылықтарын "шикізат, өнеркәсіп және технология" формуласына сай үйлестіру екі тарап үшін синергетикалық тұрғыда айтарлықтай тиімді болмақ. Мен канцлерге Шикізатты игеру жөніндегі бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін консорциум құруды ұсындым. Біз жаңартылатын энергия көздеріне, әсіресе, "жасыл" сутегіне қатысты немістің озық технологиялары мен ғылыми жетістіктерін трансферт жасауға мүдделіміз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Транскаспий көлік бағдарының транзиттік қуатын арттыру, сондай-ақ оны Трансеуропалық көлік желісімен (ТEN-T) және Global Gateway бастамасымен ұштастыру үшін бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, агроөнеркәсіп секторындағы, сондай-ақ қаржы, инновация, цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты нығайту үшін мол мүмкіндік бар.

"Бүгінде экономикалық жобаларды қаржыландыру аясында біз Deutsche Bank, Euler Hermes, KfW секілді банктермен, сондай-ақ аймақтық қаржы құрылымдарымен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Осы тізімді кеңейту үшін неміс қаржы институттарын барынша тығыз ықпалдастық орнатуға шақырамыз", – деді Президент.

Келіссөздер барысында мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастыққа да айырықша мән берілді. Мемлекет басшысы жаңа қазақ-неміс білім беру мекемелерінің құрылуын, атап айтқанда, биыл маусым айында Ақтау қаласында Қазақстан-Германия орнықты инженерия институтының ашылуын құптайтынын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттер арасындағы ықпалдастықтың жоғары деңгейін сақтау үшін Германия канцлерін Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.

Федералдық канцлер Олаф Шольц өз сөзінде Қазақстан Германияның Орталық Азиядағы жетекші сауда-экономикалық серіктесі екенін атап өтті. Сондай-ақ энергетика, орнықты даму, цифрландыру және климаттың өзгеруіне қарсы күрес салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтудің маңызды екенін айтты.

Бұдан бөлек, канцлер Германия мен Еуропа Одағы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан реформаларды толық қолдайтынын мәлімдеді.

Қазақстан мен Германия басшылары бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Атап айтқанда, Мемлекет басшысына Қазақстанның Ресеймен қарым-қатынасы жөнінде, Украина төңірегіндегі қақтығыстарға қатысты және санкцияларды сақтау туралы сұрақтар қойылды.

"Шын мәнінде, Қазақстан мен Ресейдің арасын әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекара бөліп жатыр. Елдеріміз арасында сауда, гуманитарлық байланыстар бойынша дәстүрлі ынтымақтастық орнаған. 2013 жылы екі ел Одақтастық қарым-қатынас туралы шартқа қол қойды. Украинадағы қақтығысқа келер болсақ, Қазақстан әскери іс-қимылдардың тез арада тоқтатылуын және БҰҰ Жарғысы негізінде бейбіт келіссөз жүргізілуін жақтайды. Мен бүгін құрметті канцлер мырзаға жағдайдың шын мәнінде өте күрделі екенін айттым. Ресей де, Украина да келіссөз жүргізуге дайын екенін растайды. Алайда келіссөздің қандай алаңда жүргізілетіні әзірше белгісіз. Сондықтан парасатты, салмақты, салиқалы дипломатияның кезеңі туады деп ойлаймын. Олар бірін-бірі айыптауды доғарып, екі жаққа да тиімді келіссөздің жолын табуы керек. Қазақстан Украина қақтығысын шешудің қандай да бір жолдарын ұсынып жатқан өзге елдер мен мемлекеттер тобының күш-жігерін қолдайды. Біз өз тарапымыздан барлық қажетті шараны қабылдаймыз". Қасым-Жомарт Тоқаев

Президент Қазақстан мен Ресейдің шекарасына келер болсақ, оған делимитация жасалып, айтарлықтай деңгейде демаркацияланды деп баса атап өтті.


"Оны екі ел парламенттері нақтылап, тиісті құжатты ратификациялады. Сондықтан Ресеймен арада қандай да бір территориялық дау жоқ. Қазақстан мен Ресей екіжақты деңгейде және тиісті интеграциялық бірлестіктер аясында тұрақты достық қарым-қатынас орнатқан. Санкцияны айналып өту мәселесіне келер болсақ, Қазақстан санкция режимін мүлтіксіз сақтайтынын мәлімдеді. Біз санкия режимін сақтау жөнінде тиісті ұйымдармен ұдайы байланыстамыз. Германия тарапының санкция режимін айналып өту ықтималдығына қатысты ешқандай күмәні болмауға тиіс деп ойлаймын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетсек, Тоқаев 2023 жылдың 28 қыркүйегінде Германияға ресми сапармен барды. Мемлекет басшысының шет мемлекетке келіп жеткен сәтінің суреттері мен видеосы Telegram-дағы Ақорданың ресми парақшасында жарияланды. Тоқаев бастапқыда Германия канцлерімен бетпе-бет форматында, одан кейін кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.

Германия Қасым-Жомарт Тоқаев
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: