Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Парламентке атау ұсынды

Фото: akorda.kz
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 20 қаңтарда Ұлттық құрылтайдың V отырысында Қазақстан парламенті қандай болу керегін айтып берді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев болашақ Парламенттің атауы мен құрамына қатысты пікірін білдірді.

"Ең алдымен, болашақ Парламенттің атауы бойынша пікірімді айтсам. Қысқаша айтқанда, Құрылтай деген атауды беру керек деп сенемін. Құрылтайдың тарихи аясы да, мағынасы да халқымызға түсінікті, жақын", – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Құрылтай отырыстарын жаңғырту бастамасын өзі 2022 жылы көтерген.

"Бұл баяндаманың басында Құрылтай жұмысының тиімділігі мен пайдасына ден қойдым. Жалпы, еліміздің саяси жүйесінде Құрылтай атауын аса маңызды мемлекеттік институттың символы ретінде сақтап қалуымыз керек деп ойлаймын", – деді Президент.

Депутаттар саны мәселесі де қызу пікірталас туғызған.

"Ең көп пікір қайшылығы осы мәселеге қатысты болды. Бірінші тарап еліміздегі халық санына қарай пропорционалды уәкілдік идеясын ұсынды. Екінші тарап депутат санын 500-ге дейін арттыру қажет деді. Біздің негізгі мақсатымыз – шын мәнінде тиімді әрі кәсіби Парламент құру", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің сөзінше, жаңа заң шығарушы орган елдегі ауқымды өзгерістерге заңнамалық тұрғыда барынша қолдау көрсетуге тиіс.

"Әлемдегі озық тәжірибелерге қарасақ, бұл үшін депутат санын көбейтудің еш қажеті жоқ. Сондықтан мәселе – санда емес, сапада! Ең бастысы, Парламентте нағыз отаншыл азаматтар – білікті мамандар отыруға тиіс", – деп толықтырды Мемлекет басшысы.

Жұмыс тобы азаматтардың ұсыныстарын мұқият зерделеп, қызу талқылаулар жүргізді. Ақырында Парламенттің мандат саны 145 болуы керек деген қорытындыға келді. Сондай-ақ, жаңа Парламентте Төрағаның үш орынбасары болуы мүмкін, ал комитет саны 8-ден аспауы тиіс.

Бұл шешімдер еліміздің саяси жүйесін жаңғыртуға, заң шығарушы органның тиімділігін арттыруға және қоғамның мүддесін барынша қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан Ұлттық құрылтайдың V отырысы Қызылордада өтуде. Отырыс барысында Президент Қазақстанның одан әрі даму бағыттарын айтып, қоғамдық өмірдегі өзекті мәселелерді қозғайтын болады.

Қазақстан
Тоқаев Касым-Жомарт

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Қазақстанда танымал шай түрлерінен қауіпті қоспалар анықталды

Павлодарда кәмелетке толмаған қызды зорлаған ер адам 15 жылға сотталды

Енді біржолғы зейнетақы төлемдеріне жер алуға болады – Отбасы банк

Қазақстанда педагогтерді аттестаттау ережелері жаңартылды

Қазақстан халқының нақты саны белгілі болды