Президенттің айтуынша, әрбір ведомство цифрлық құралдарын өз бетінше әзірлейді, бұл жұмыс жүйесіз түрде жүргізіліп жатыр.
"Әр мекеме цифрлық жүйесін өз бетімен дамытуда. Бұл шаруа жүйесіз жүргізіліп жатыр. Біртұтас жүйе жоқ. Мысалы, кейбір органдар цифрлық тәсілдерді ұтымды қолданып жұмыс істеуде. Ал кейбірі дұрыс амал-тәсіл таба алмай, қыруар қаржы жұмсап жүр. Бұл, басқа сөзбен айтқанда, нағыз жымқыру. Сондықтан қаражатты орынсыз жұмсап, жаңа дүние жасаудың қажеті жоқ. Үкіметке қолданыстағы барлық цифрлық шешімдерді саралап, тексеріп, олардың тиімділігін арттыруды тапсырамын. Күштік құрылымдарға арналған түсінікті құрылымы бар және технологиялық стандарттары біркелкі бірыңғай цифрлық экожүйе жасалуға тиіс". Президент
Мемлекет басшысы азаматтардың дербес деректерін қорғау қажет екенін айтты
"Ақпараттық кеңістікте азаматтардың дербес деректері жарияланып кеткені туралы хабар жиі шығып жатады. Дербес деректерді барынша қорғау үшін бұл жұмыспен жүйелі түрде айналысу керек" Қасым-Жомарт Тоқаев
Қазақстан президентінің сөзінше, еліміздегі киберқылмыспен күрес тәсілдерін түбегейлі қайта қарау қажет.
"Әлемде киберқылмыс өршіп барады. Жыл сайын мыңдаған азаматымыз соның құрбаны болып жатыр. Қазір интернеттегі алаяқтық қылмыстардың бестен бірі ғана ашылады. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Киберқылмыспен күрес тәсілдерін түбегейлі қайта қарау қажет. Цифрлық қатерге төтеп беру үшін құқық қорғау органдары бір қадам алда жүруге тиіс. Озық ойлап, артта қалмаудың амалын табу қажет". Қасым-Жомарт Тоқаев
Сондай-ақ Президент Үкімет пен ҰҚК-ден көші-қон есебін толық цифрландыруды талап етті.