Келіссөз барысында Мемлекет басшысы екі елдің тарихи және мәдени жақындығына тоқталды.
"Біз – тарихы ортақ, тамыры бір бауырлас елдерміз, көшпенді халықтардың ұрпағымыз. Қазақ пен моңғол – ғасырлар бойы іргесі бөлінбеген көршілер. Халықтарымыздың өмір салты, әдет-ғұрпы өте ұқсас. Қазір де осы мәңгі құндылықтарды арқау етіп келеміз. Бүгінде ықпалдастығымыз стратегиялық серіктестік рухында дамуда. Мемлекетаралық, парламентаралық және үкіметаралық байланыстарымыз нығаюда", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тоқаев Моңғолия Президентінің екіжақты қарым-қатынасты дамытуға қосқан үлесін де атап өтті.
"Құрметті Президент мырза, Сіз екіжақты қарым-қатынасымызды жаңа деңгейге көтеруге зор үлес қосып келесіз. Мұны жоғары бағалаймыз. Қажырлы еңбегіңіздің арқасында Моңғолияда көптеген оң өзгеріс болып жатыр. Былтыр еліңіздің экономикасы 6,8 пайызға өсті. Бұл Сіздің салиқалы басшылығыңыздың жемісі екені сөзсіз. "Vision-2050" бағдарламасы мен Қарақорым қаласын салу жобасы – маңызды бастамалар. Біз бауырлас елдің барлық жетістігіне қуанамыз", – деді Президент.
Өз кезегінде Ухнаагийн Хүрэлсүх Қазақстанға келгеніне қуанышты екенін айтты.
"Араға жиырма жыл салып Қазақстанға мемлекеттік сапармен келгеніме қуаныштымын. Сіздің екі жыл бұрын Моңғолияға жасаған сапарыңыз екіжақты қарым-қатынастарды стратегиялық серіктестіктің жаңа деңгейіне көтерді. Бұл оқиға тарихта алтын әріппен жазылады", – деді ол.
Моңғолия Президенті Қазақстанның даму қарқынын да жоғары бағалады.
"Сіздің көреген және жоғары кәсіби басшылығыңыздың арқасында Қазақстан экономикалық және әлеуметтік салаларда үлкен жетістіктерге жетті. Моңғол халқы бұл жетістіктерді жіті бақылап отыр. 2024 жылғы сапар барысында оннан астам құжатқа қол қойылды, бүгін де жаңа маңызды құжаттар қабылданады", – деді Ухнаагийн Хүрэлсүх.