Қазақстан Президенті Моңғолия басшысына ең жоғары мемлекеттік награда тапсырды

Сурет: akorda.kz
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухты Қазақстан Республикасының ең жоғары мемлекеттік наградасы – "Алтын Қыран" орденімен марапаттады.

Мемлекет басшысы тарихи сапар аясында өткен марапаттау рәсімі қазақ тарапы үшін зор мәртебе екенін атап өтті.

"Біз Сізді өз халқын алға бастап келе жатқан парасатты, білікті, ірі саясаткер деп білеміз, сыйлаймыз. Моңғолияны көркейту жолындағы қажырлы еңбегіңізді жоғары бағалаймыз. Салиқалы саясатыңыздың арқасында еліңіз өсіп-өркендеп келеді. Өзіңіздің бастамаңызбен түрлі салада тың жобалар жүзеге асырылып жатыр. Моңғолияның экономикасы дамып, халқыңыздың әл-ауқаты жақсарды. Сонымен қатар еліңіздің аймақтағы және әлемдегі беделі арта түсті. Сіздің басшылығыңызбен моңғол жұрты алдағы уақытта да биік белестерді бағындыра беретініне кәміл сенеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстан мен Моңғолия арасындағы қарым-қатынастың шынайы достық пен өзара құрметке негізделгенін атап өтіп, екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің нығайып келе жатқанына назар аударды.

"Сіз Моңғолия Үкіметін басқарған кезде екі елдің экономикалық ынтымақтастығын дамытуға тікелей атсалысқан едіңіз. Енді, міне, Мемлекет басшысы ретінде бұл бағыттағы жұмысты жаңа қарқынмен жалғастырып келесіз. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында қазақ-моңғол байланысы стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілді. Бүгін қол жеткізілген маңызды келісімдер достығымызды одан әрі бекемдей түсетіні сөзсіз. Қазіргі алмағайып кезеңде бұл ынтымақтастықты күшейтудің мәні ерекше. Осыған орай, мен Сізді Қазақстан Республикасының ең жоғары мемлекеттік наградасы – "Алтын Қыран" орденімен марапаттау туралы шешім қабылдадым. Бұл награда – барша қазақ халқының Сізге және бауырлас моңғол жұртына деген ерекше құрметінің белгісі. Қазақстан мен Моңғолияның достығы мәңгі болсын, – деді Мемлекет басшысы.

Ухнаагийн Хурэлсух Қасым-Жомарт Тоқаевқа жоғары марапат үшін алғыс айтып, екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бар күш-жігерін салатынын жеткізді.

Қазақстан
Тоқаев Касым-Жомарт

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Мемлекет басшысы Ербол Хамитовты III дәрежелі "Барыс" орденімен марапаттады

Мемлекет басшысы Ресей Премьер-министрі Михаил Мишустинді қабылдады

Димаш Құдайберген маңызды үндеу жасады

Дабылды ескерту: Қазақстанда найзағай мен дауыл күтілуде

Қасым-Жомарт Тоқаев: Жаңа Конституция – әр азаматқа тең мүмкіндік пен стратегиялық даму кепілі