Орталық Азия жаңа тарихындағы аса табысты кезеңді бастан өткеріп жатыр - Мемлекет басшысы

Сурет: akorda.kz
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азияда өзара сенім нығайып, өңірлік ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мемлекет басшысы "ХХІ ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа" қосылғаны үшін Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовке алғыс білдірді.

Президент ендігі міндет құжат ережелерін нақты іске асыру екенін атап өтті. Осыған байланысты ол достық пен тату көршілікті нығайтуға, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға бағытталған іс-шаралар жоспарын әзірлеп, қабылдауды ұсынды.


"Өзара сенімнің нығаюы мен өңірлік ынтымақтастықтың қарқынды дамуының арқасында Орталық Азия жаңа тарихындағы аса табысты кезеңді бастан өткеріп жатыр деп нық сеніммен айтуға болады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, Әзербайжанның Консультативтік кездесулердің толыққанды мүшесі болуы аталған форматты нығайтудың жаңа кезеңін көрсетеді.

Президент бірлескен күш-жігердің арқасында саяси диалогты тереңдетуге, инвестиция, энергетика және өнеркәсіп салаларындағы байланысты жандандыруға, сондай-ақ бірыңғай көлік-логистика жүйесін қалыптастыруға қолайлы жағдай жасалғанын айтты.

Сонымен қатар соңғы жылдары өңірішілік сауда көлемі артып, іскерлік байланыстар кеңейген. Бірлескен кәсіпорындар құрылып, ортақ инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мәдениет, білім және жастар салаларындағы ықпалдастық та жаңа мазмұнмен толыға түскен. Президенттің сөзінше, мұның бәрі бауырлас халықтарды жақындастырып, аймақтың беделін нығайтуға ықпал етеді.

Қазақстан
Қырғызстан
Тоқаев Касым-Жомарт

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Қазақстан семсерлесуден әлем чемпионатын бір медальмен аяқтады

Балаларды мектепке дайындауға 23 млрд теңге бөлінеді

Астанада сарапшылар жасанды интеллект, медиа және электоралдық мінез-құлықтың жаңа үрдістерін талқылады

Алматы ICCA әлемдік рейтингінде бірден 10 сатыға көтерілді

Ауыл шаруашылығы қызметкерлеріне ауыр еңбек жағдайы үшін берілетін үстемақыны екі есе арттыру жоспарланып отыр