Қазақстан мен Лаос президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді

Сурет: akorda.kz
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Лаос Президенті Тхонглун Сисулит шағын құрамда келіссөз өткізді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы ақпарат 2026 жылғы 3 қыркүйекте Ақорданың Telegram-дағы арнасында жарияланды.

Жоғары мәртебелі қонақты қарсы алған Қазақстан Президенті Лаос басшысының Қазақстанға алғашқы сапарын тарихи оқиға деп атады.

"Келесі жылы елдеріміз арасында дипломатиялық қатынастар орнағанына 30 жыл толады. Бұл – маңызды белес. Мемлекеттеріміз арасындағы байланыс достық сипатқа ие. Біз халықаралық аренада, ең алдымен, Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында тығыз ынтымақтастық орнаттық. Сонымен қатар Лаостың АӨСШК аясындағы бастамаларымызды қолдағаны үшін шынайы алғысымды білдіргім келеді. Президент мырза, бұл – сіздің елімізге алғашқы сапарыңыз. Сапар аяқталғаннан кейін үкіметтеріміз қол жеткізілген келісімдерді белсенді түрде жүзеге асыруға кірісетініне сенімдімін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президентінің айтуынша, Лаос – еліміздің Оңтүстік-Шығыс Азиядағы маңызды әрі сенімді серіктесі.

Мемлекет басшысы Лаос экономикасының соңғы жылдары тұрақты өсім көрсетіп отырғанын атап өтті. Энергетика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және туризм салаларында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілген.

Өз кезегінде Тхонглун Сисулит Қасым-Жомарт Тоқаевқа достас Қазақстанға келуге шақырғаны үшін алғыс білдірді.

"Осы сапар барысында Қазақстанның жан-жақты дамып келе жатқанын және Сіздің басшылығыңызбен ауқымды өзгерістер жүзеге асырылып жатқанын өз көзіммен көрдім. Ел Президенті ретінде Қазақстанға ресми сапармен келіп, бүгін Сізбен кездесудің өзі мен үшін үлкен мәртебе. Менің сапарым екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуға елеулі үлес қосатынына шын жүректен сенемін. Келіссөздер барысында кең ауқымды мәселелерді талқылап, ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары мен алдағы бірлескен жұмысты айқындай алатынымызға сенімдімін", – деді Лаос Президенті.

Бұған дейін Лаос Президенті Тхонглун Сисулиттің Қазақстанға ресми сапармен келгені хабарланған еді. Оны ресми қарсы алу рәсімі Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өтті

Қазақстан
Қасым-Жомарт Тоқаев
Астана

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Димаш Құдайберген қарындасының 25 жасқа толуына орай ерекше сыйлық жасады

Алматыда жаңа туған сәбиін тастап кеткен әйел ұсталды

Алматыда жеке үйдің дәретханасынан ер адамның денесі табылды

Атақты шорт-трекші Абзал Әжіғалиев спорттағы мансабын аяқтады

Қазақстанда алғаш рет Қазақ тазысы мен төбеті күні аталып өтіп жатыр