Мемлекет басшысы жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орын алатын Қазақстанның бірегей биоалуантүрлілігімен ерекшеленетінін атап өтті.
"Табиғаттың осы сыйын сақтау – жұрт алдындағы борышымыз, сондай-ақ халықаралық қоғамдастық алдындағы жауапкершілігіміз. Бұл құндылықтар Қазақстанның жаңа Конституциясында айқын көрініс тапты. Ел тарихында алғаш рет жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру мемлекеттіліктің негізін құрайтын қағидаттардың бірі ретінде Ата заңымызда бекітілді", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың табиғат пен оның ресурстарын көзінің қарашығындай сақтауға міндетті екенін айтты. Сонымен қатар азаматтардың өмірі мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны қорғау мемлекеттің маңызды мақсаттарының бірі ретінде белгіленгеніне назар аударды.
Президент табиғат байлығын сақтау мен экономикалық даму қатар жүруі керек екенін атап өтті.
"Табиғат байлығын сақтау экономикалық өрлеумен қатар жүруі керек екеніне сенімдіміз. "Таза Қазақстан" жалпыұлттық акциясы осы құндылықтарды арқау еткен. Бұл қозғалыс қарапайым экологиялық тазалық ауқымынан шығып кетті. Оның азаматтардың дүниетанымы мен өмір салтына ықпал ететін жалпыұлттық идеологияға айналып келе жатқаны қуантады", – деді Мемлекет басшысы.