Sportarena.kz мәліметінше, кездесу 1 сағат 15 минутқа созылып, Беларусь теннисшісінің 6:4, 6:3 есебімен жеңісімен аяқталды. Матч барысында Соболенко екі эйс жасап, екі рет қосарланған қателік жіберді және 14 брейк-пойнттың жетеуін пайдаланды. Ал Таунсенд алты рет эйс жасап, доп берген кезде үш қателікке жол берді және алты брейк-пойнттың төртеуін жүзеге асырды.
Матчтан кейін Соболенко америкалық теннисшінің ойынына жоғары баға беріп, кездесу есепке қарағанда әлдеқайда қиын болғанын атап өтті.
"Ол тор маңында керемет ойнайды, допты өте жақсы қабылдайды. Өте батыл теннисші екені көрініп тұрды. Оның қаншалықты дайындалғанын байқадым. Оған қарсы, әсіресе осы жерде ойнау шынымен де оңай болған жоқ", – деді әлемнің бірінші ракеткасы корттағы сұхбатында.
Жартылай финалға шығу үшін Соболенко украиналық Марта Костюк пен чехиялық Линда Носкова арасындағы матчтың жеңімпазымен кездеседі.