Ұлттық мұражай басшылығының ісі: Мұхамедиұлын қамауда ұстау мерзімі үш айға ұзартылды

Нұр-Сұлтан қаласының ауданаралық тергеу сотында күдіктіге тағайындалған бұлтартпау шарасын ұзарту бойынша сот отырысы өтті. Оған сәйкес, ҚР Ұлттық мұражайдың бұрынғы директоры Арыстанбек Мұхамедиұлын қамауда ұстау мерзімі үш айға ұзартылды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Судьяның айтуы бойынша, экс-мәдениет және спорт министрінің суицидке бейімділігі бар екені, отбасы әрі денсаулық жағдайы туралы да мәселе көтерілді, бірақ бұлар бұлтартпау шарасын жеңілдету амалдары ретінде есепке алынбады.

Сот Мұхамедиұлы бостандықта болса, елден қашып кетуі мүмкін деп есептейді. Құқық бұзушылықтың қоғамдық қауіптілігін ескере отырып, судья сотталушы тергеуден қашып, жасырынуы мүмкін деп санайды. Мұражайдың бұрынғы директорының жоғары қаржылық жағдайы соттың бұл пікірін растайды.

29 мамырда Ұлттық мұражай директоры Арыстанбек Мұхамедиұлының тұтқындалғаны белгілі болды. Оған қатысты халықаралық көрмелерді өткізуге бөлінген 140 млн теңгеден астам қаржыны жымқырды деген күдікпен қамауға алуға санкция берілді.

Кейін ұрлықтың тағы бір эпизоды анықталды. Антикор Ұлттық мұражай мердігер ұйымға орындалған жұмыстар үшін 1,3 млрд теңге төлегенін жеткізді. Сонымен қатар зерттеу орындалған жұмыстардың нақты құны 83,4 млн теңгені құрағанын көрсетті.

Нұр-Сұлтан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: