Маңғыстауда пара алған кеден бекеті басшысының орынбасары айыппұл арқалады

Сотта кеден бекеті басшысының бұрынғы орынбасары бірнеше рет пара алғаны үшін кінәлі деп танылды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Оған пара көлемінің 35 еселенген мөлшерінде айыппұл түрінде жаза тағайындалды, бұл 16 млн теңгеден астам соманы құрайды, деп жазады Lada.kz.


Сондай-ақ ол мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылды, деп хабарлайды Ақтау қалалық соты.


Сот аталған істі 2022 жылдың 14 желтоқсанында қарады.


Кеден бекеті басшысының орынбасары болып жұмыс істей отырып, сотталушы К. 2022 жылдың 13 шілдесінде брокер Ч-дан кедендік ресімдеу және тауар шығару ісін жеделдету үшін 100 000 теңге алды. К-ның қолына ақша тиген соң кеден бекетінің қызметкерлері 3 666 тонна көлеміндегі тауар - цементті кедендік ресімдеу және кеденнен өткізу ісін жүргізді. Одан кейін Ч-ның фирмасына тиесілі тауарларды кедендік рәсімдеуден өткізіп, кеденнен шығарғаны үшін К. 2022 жылдың 1, 8, 9 және 11 тамызында тағы ақшалай қаражат алды. Ақтау қалалық сотының баспасөз қызметі


Сонымен қатар, сотталушы 2022 жылдың 14 шілдесінде тағы 300 доллар пара алды. Бұл жолы ол металл түріндегі тауарлардың кедергісіз өткізілуін және жеделдетіп рәсімделуін қамтамасыз етті.


Сотталушы мен оның қорғаушысы, сондай-ақ прокурор арасында кінәсін мойындау туралы мәміле бойынша іс жүргізу келісімі жасалды. Сондай-ақ өкіну және жас балаларының болуы қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін жағдай ретінде айқындалды. 


Кеден бекеті басшысының бұрынғы орынбасарына 16 197 055 теңге айыппұл салу түрінде үкім шықты, сондай-ақ ол өмір бойы мемлекеттік қызметті атқару құқығынан айырылды.

Ақтау
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: