РФ Үкіметінің үйлестіру орталығында Мамин мен Мишустин сауда-экономика, қаржы-инвестиция, транзиттік-көлік, ауыл шаруашылығы, мұнай-газ химиясы, энергетика, ғарыш салаларындағы Қазақстан-Ресей ынтымақтастығын одан әрі арттырудың перспективаларын, сондай-ақ өнеркәсіптік кооперация шеңберіндегі жобаларды талқылады, делінген ҚР Үкімет басшысының сайтында.
Еуразиялық экономикалық одақ форматындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері, сондай-ақ COVID-19 таралуына қарсы күрес және ҚР мен РФ экономикалары үшін пандемия салдарын жою жөніндегі бірлескен шаралар қаралды.
Сурет: primeminister.kz
Осы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша ҚР мен РФ арасындағы сауда көлемі 30%-ға артып, 19,5 млрд долларға жетті. Бұл ретте сауда құрылымын әртараптандыруда ілгерілеушілік байқалады – Қазақстанның экспорт көлемі 39,4%-ға, оның ішінде өңделген өнімде 47,7%-ға өсті. Экспорт құрылымында мұнай-химия саласының (+18,6%), машина жасау (+21,9%), химия (+33,1%) және жеңіл (+27,1%) өнеркәсіп өнімі ұлғайды.
Пандемияға дейінгі 2019 жылмен салыстырғанда сауда көлемі 21%-дан астамға өсті. 2021 жылдың бірінші жартысында РФ-ның ҚР экономикасына тікелей инвестицияларының көлемі 17%-ға артып, 704,9 млн долларды құрады.
Өнеркәсіптік кооперация саласында машина жасау, металлургия, химия өнеркәсібі және т.б. салаларда 1,8 млрд доллар сомасына 9 бірлескен ірі жоба іске асырылып жатыр. 2,8 млрд доллар сомасына 9 жоба пысықтау сатысында тұр.
Биылғы 11 айда Қазақстан мен Ресей арқылы Орталық Азия, Еуропа, Қиыр Шығыс бағыттарында 733,2 мың ЖФЭ тасымалданды, бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 30,7%-ға артық.
Қытай – Еуропа – Қытай бағытындағы транзиттік контейнерлік тасымалдар көлемі 602,2 мың ЖФЭ (+31%) құрады. Екі елдің қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану саласындағы ынтымақтастығы қаралды.
Сурет: primeminister.kz
Келіссөздер қорытындысы бойынша «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік маршрутында мотор отыны ретінде табиғи газды пайдаланудың өндірістік-өткізу инфрақұрылымын дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға, аталған көлік дәлізі мен «Меридиан» автомобиль жолының автожол инфрақұрылымын дамыту жөніндегі 2021-2030 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойылды. Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы арқылы автомобиль өткізу пункттерін дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған жол картасы қабылданды.
«QazTrade» АҚ» экспортты ілгерілету жөніндегі қазақстандық оператор «Ресей экспорттық орталығы» АҚ-мен және Ozon маркетплейсімен ынтымақтастық туралы меморандумдар жасасты.
Сурет: primeminister.kz
Жұмыс сапарына Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы – АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов, ҚР-ның РФ-дағы елшісі Ермек Көшербаев, сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин, Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев және т.б. қатысты.