Үкіметте автомобиль тасымалы саласын субсидиялау мәселелері талқыланды

Бизнестегі проблемалық мәселелер Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен жиында талқыланды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Жиын барысында «Атамекен» ҰКП өкілдері кәсіпкерлер көтерген бірқатар мәселелерді ортаға салды.

Атап айтқанда, көлік тасымалы саласын субсидиялау және тозығы жеткен автобустардың мәселелері сөз болды.

Биыл әкімдіктер қалалық маршруттарды субсидиялауға 2020 жылмен салыстырғанда 75 пайызға артық қаражат бөлді. Премьер-Министрдің орынбасары тиісті министрлікке тоқсан сайын әкімдіктердің қалалық жолаушылар көлігін дамыту жөніндегі іс-шаралар кешенін және субсидиялауды қамтамасыз ету бойынша қолданыстағы заңнаманы іске асыруды тексеру жұмысын жалғастыруды тапсырды.

Биыл қыркүйекте Қазақстан Республикасында автомобиль көлігімен халықаралық жүк тасымалдауды дамытудың жол картасы қабылданған болатын. Осы құжат аясында жүк тасымалдаушыларын қолдау шаралары қалай жүзеге асып жатқаны айтылды. Соның нәтижесінде, уәкілетті органға Жол картасына енгізу үшін қосымша бизнес-ұсыныстар әзірлеу жүктелді.

Сонымен бірге, халықаралық автомобиль көлігі операторларын 2025 жылға дейін жүк көлігі тартқышы үшін төленетін бастапқы тіркеу жарнасынан босату мәселесі көтерілді.

2020 жылдың 2 шілдесінен бастап 2021 жылдың 1 қаңтарына дейін халықаралық жүк тасымалы үшін сатып алынған жүк көлігі тартқышы бастапқы тіркеу жарнасынан босатылды. Бұл шараны 2025 жылға дейін жаңарту жоспарлануда.

Заң жобасына бұл түзету келесі жылдың басында енгізіледі.

Еске салайық, пайдалану мерзімі 3 жылдан 5 жылға дейінгі жүк көлігі тартқыштары үшін бастапқы тіркеу жарнасы 350 АЕК болады.

2020 жылдың қазан айынан бастап биылғы жылдың желтоқсан айына дейінгі кезеңде Смайыловтың төрағалығымен бизнестің проблемалық мәселелерін қарау бойынша 33 отырыс өткізілді. «Атамекен» ҰКП және бизнес өкілдерімен бірге Үкімет 160-тан астам проблемалық мәселені қарады.

Нұр-Сұлтан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: