Премьер-министр Мемлекет басшысы қазіргі жағдайда экономиканың сапалы дамуын қамтамасыз етуге және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жүйелі және салалық шаралар кешенін айқындап бергенін атап өтті, делінген Үкімет басшысының ресми сайтында.
Осы маңызды құжатта бүгінгі таңда азаматтарымызды толғандырып отырған негізгі мәселелердің бәрі қамтылған. Жолдауда айтылған міндеттерді шешу экономиканың тұрақтылығын және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға негіз болады, — деді Үкімет басшысы.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров экономика мен мемлекеттік басқарудағы реформаларды іске асыру жөніндегі негізгі шаралар, Премьер-министрдің орынбасары – қаржы вице-министрі Ержан Біржанов бюджет, салық саясаты және мемлекеттік сатып алу, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев көлік, өнеркәсіп және құрылыс мәселелері, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері туралы баяндады.
Сондай-ақ экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев сумен қамтамасыз ету және жер қойнауын пайдалану салаларын жақсарту жөніндегі жоспарлар, әділет министрі Қанат Мусин реформаларды заңнамалық қамтамасыз ету жөнінде, ішкі істер министрі Марат Ахметжанов құқық қорғау жүйесін реформалау және нашақорлыққа қарсы күрес мәселелері, оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мектепке дейінгі және орта білім беру мәселелері, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жоғары білім беруді дамыту мәселелері туралы айтты.
Сонымен қатар денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният денсаулық сақтау саласын одан әрі дамыту жөніндегі шаралар туралы, ал еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова әлеуметтік саясат мәселелері жөнінде баяндады.
Баяндамашыларды тыңдаған Премьер-министр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мемлекет пен қоғамның барлық негізгі салаларын қайта жаңғырту керек екенін айтты.
Мазмұны жағынан Президенттің халыққа Жолдауы Жаңа Әділетті Қазақстан құру жолындағы ең маңызды қадам болып табылады. Қазіргі жағдайда бәріміз нақты және үйлесімді әрекет етуіміз қажет. Әлихан Смайылов
Премьер-министр Үкіметтің алдында экономиканың тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін, азаматтарымыздың әл-ауқатының сапалы және инклюзивті өсуін арттыру, бәріне бірдей мүмкіндіктер беру, қоғамдық қауіпсіздік пен ішкі тұрақтылықты сақтау міндеттері тұрғанын атап өтті.
Осыған байланысты Үкімет басшысы Ұлттық экономика министрлігіне орта мерзімді кезеңге арналған Экономикалық саясат жобасында Президенттің елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша айтқан бағыттарын ескеруді тапсырды.
Сонымен қатар Әлихан Смайылов Жаңа Салық кодексінің қазіргі ахуалдың сын-қатерлеріне дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік беретін, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатын жүзеге асырудың негізгі құралына айналуы тиіс екенін айтты.
Фискалдық саясатты одан әрі жетілдіру салықтық әкімшілендірудің түсінікті, нақты және ашық рәсімдерін белгілей отырып, іскерлік белсенділікті ынталандыруға, инвестициялық тартымдылықты арттыруға, салық базасын кеңейтуге және бюджеттің кіріс бөлігін нығайтуға бағытталуы тиіс, — деді Премьер-министр.
Үкімет басшысының айтуынша, Жаңа Салық кодексі «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, сарапшылардың және бизнес өкілдерінің қатысуымен әзірленуі тиіс.
Әлихан Смайылов Президенттің тапсырмасы бойынша Үкіметтің бюджеттік жоспарлауды реформалау бойынша тиісті жұмыстар жүргізіп жатқанын еске салды.
Мемлекет басшысы бюджеттік процестерді жеңілдету, бюджетті жоспарлау кезінде шекті нормативтерді бекіту, бюджеттік тәуекелдерді басқару жүйесін енгізу, өңірлердің қаржылық тәуелсіздігін арттыру бойынша нақты міндеттер қойды. Бұл шаралар жүргізіліп жатқан бюджет саясатының тиімділігін және мемлекеттік шығыстардың нәтижелігін сапалы түрде арттыруға мүмкіндік береді. Үкімет басшысы
Осыған байланысты Ұлттық экономика және Қаржы министрліктеріне осы тапсырмаларды заң жүзінде бекіту мәселесін жедел пысықтап, жаңа Бюджет кодексінің жобасын әзірлеу тапсырылды.
Үкімет басшысы Жолдауда айтылған негізгі міндеттердің бірі мемлекеттік басқаруға әкімшілік реформа жүргізу екенін атап өтті. Осы жұмыс аясында құрылымдық өзгерістер азаматтардың мүдделерін қамтамасыз етуге және экономикада оң өзгерістерге қол жеткізуге бағытталуы тиіс.
Мемлекеттік басқару моделі “халық үніне құлақ асатын”, тиімді, есеп беретін, кәсіби және прагматикалық мемлекет қағидаттарына сай дамуын жалғастырып, әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асырудың бағдары болуы тиіс, — деді Әлихан Смайылов.
Осы міндетті іске асыру үшін Ұлттық экономика министрлігіне мемлекеттік органдармен бірлесіп, Үкімет, министрліктер мен әкімдіктер арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату бойынша жаңа ұсыныстар топтамасын дайындау тапсырылды.
Премьер-министрдің сөзінше, бұл реформа Үкіметке салааралық мәселелердi шешуге көбiрек көңiл бөлуге мүмкiндiк бередi. Одан бөлек, мемлекеттік органдар басшыларының дербестігі мен жауапкершілігі артады.
Сонымен қатар Әлихан Смайылов отандық экономиканың дамуына құрылыс саласының ықпалы зор екенін ерекше атап өтті.
Тұрғын үймен қамтамасыз ету – халық үшін ең өзекті мәселенің бірі. Дегенмен сапасыз құрылыс фактілері, құрылыс салушыларды таңдау рәсімдерінің ашық болмауы, мегаполистерде құрылыстардың тығыз салынуы жұртшылықтың орынды наразылығын тудыруда, — деді Премьер-министр.
Бұл саладағы ахуалды жақсарту мақсатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, сала мамандарын, сәулетшілерді, ғылыми қауымдастықты тарта отырып, Қала құрылысы кодексінің жобасын әзірлеу үшін жұмыс тобын құру және бастамаларды кеңінен талқылау тапсырылды.
Әлеуметтік блок туралы сөз қозғар алдында Әлихан Смайылов ұлт денсаулығын нығайтудың Үкіметтің басым міндеті екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы денсаулық сақтауды және жалпы әлеуметтік саланы қаржыландыру тәсілдерін қайта қарауды тапсырды. Біз медициналық инфрақұрылымды, оның ішінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмдерін қолдану арқылы жақсарту жөнінде кешенді шаралар қабылдауымыз қажет, — деді Премьер-министр.
Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне Қаржы министрлігімен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, денсаулық сақтау саласын одан әрі жетілдіру бойынша шаралар кешенін әзірлеуді тапсырды.
Әлихан Смайылов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қаржы және Ұлттық экономика министрліктерімен бірлесіп, ең төменгі жалақы мөлшерін көтеру мәселесін пысықтауы қажет екенін атап өтті.
Әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне өзгерістер енгізу, бала күтімі бойынша және жұмыссыз қалғанда берілетін әлеуметтік төлемдерді ұлғайту, Отбасының цифрлық картасы мен Әлеуметтік әмиянды енгізу бойынша жұмысты жалғастыру қажет, — деді Премьер-министр.
Одан бөлек, Үкімет басшысының айтуынша, қандастарды қоныстандыру саясатын түбегейлі реформалау және ішкі миграцияны реттеу үшін барлық қажетті шараларды қабылдау керек.
Жиынтық зейнетақының мөлшерін ұлғайту, әйелдердің зейнет жасын 61 жасқа дейін төмендету және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық тартымдылығын қамтамасыз ету үшін зейнетақы заңнамасына тиісті өзгерістер енгізу тапсырылды.
Отырыс соңында Әлихан Смайылов Ұлттық экономика министрлігіне Үкіметтің келесі отырысына Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспардың жобасын енгізуді тапсырды.
Әріптестер, біз қоғамның сенімін ақтау үшін барынша жұдырықтай жұмылып жұмыс істеуіміз керек. Мемлекет басшысы атап көрсеткен реформаларды жүзеге асырудың тиімділігіне бірінші кезекте біздер жауаптымыз. Осыған байланысты Президент тапсырмаларын іске асыруға асқан жауапкершілікпен жедел кірісуді тапсырамын, — деп сөзін түйіндеді ол.