ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Екібастұзда өткен брифингте ондаған көпқабатты тұрғын үй тұрғындарының жылусыз қалуына түрткі Екібастұздың жылу желілері мен ЖЭО-дағы ауқымды апатқа байланысты жүргізіліп жатқан тергеудің алдын ала нәтижелерін жариялады.
"Мемлекеттік энергетикалық қадағалау комитетінің алдын ала тергеу қорытындысы бойынша Екібастұздың әртүрлі аудандарындағы құбырлардың шұрқ тесілуіне желідегі қысымның бір мезгілде күрт өсуіне әкеліп соқтырған станция персоналының қате әрекеті болып табылады. Бұл көптеген ақаудың орын алуына әкеліп соқтырды. 27 қарашада бір уақытта құбырлардан 43 ақау анықталса, ал 28 қарашада тағы 30-ы анықталды. Мұндай апат Екібастұзда алғаш рет орын алды. Апат ЖЭО-да орын алған жоқ, ол жұмыс істеп тұрды. Апаттар жылу желілерінде болды. Көптеп құбырлардың жарылуы және үлкен мөлшерде судың ағып кетуі ЖЭО-дағы қазандықтардың автоматты түрде ажырауына әкеліп соқтырды". Роман Скляр
Оның айтуынша, құқық қорғау органдары тергеу жұмыстарымен әлі айналысып жатыр.
Сонымен қатар, Роман Склярдың айтуынша, бүгін таңғы сағат 10-да Екібастұздың 5А ықшам ауданындағы жылу магистральдарындағы соңғы ірі ақау жойылды. Алайда, бүгін жылумен жабдықтау жүйесінің жұмыс режимінің бұзылуы және пәтер иелерінің жылыту жүйесінен суды өздігінен бақылаусыз ағызуы кесірінен ЖЭО 5А ықшам ауданындағы тұрғын үйлерді жылу желісіне бірден қоса алмайды.
Қазірдің өзінде 5В ықшам ауданы мен 6 ықшам ауданының тұрғын үйлеріне кезең-кезеңмен жылу беру жұмыстары жүргізіліп жатыр, ал бұл - 41 көпқабатты тұрғын үй. Ертең күні бойы 5А ықшам ауданының 17 тұрғын үйіне жылу беру жұмысын жүргізу жоспарланған.
Бірінші вице-премьер Екібастұздағы апатқа жауаптылардың барлығы жазасыз қалмайды деп сендірді.