Байбек Көк-Жайлау туралы: Егер қоғам қолдамаса, біз жобадан бас тартамыз
Алматыдағы тамыз айында өткен кездесуде Бауыржан Байбек атап өткендей, Көк-Жайлау тау шаңғы курорты туризмді дамытудың қуатты қозғаушыларының бірі болуға ниетті. Мұндай жобалар салауатты өмір салтын дамытады, спортқа деген сүйіспеншілікті арттырады, деп хабарлайды Zakon.kz.
«Сонымен қатар, Көк-Жайлау жұмыс орындарын құруға, бюджетке салық түсімдерін қамтамасыз етуге, Алматы қаласының тағы бір символына айналуы тиіс. Ең бастысы, бұл жобаның қаланың өркендеуіне үлкен мультипликативті әсері бар», - деді Байбек.
Оның айтуынша, Көк-Жайлау курортының жаңа жобасы 2013 жылғы ескі жобамен салыстырғанда айтарлықтай өзгеріске ұшыраған. Атап айтқанда, адам қабылдау көрсеткіші 2 есеге қысқарып, 10 мыңнан 5 мың адамға төмендетілді. Ал, трасса ұзындығы 65 шақырымнан 24,5 шақырымға дейін қысқарса, трассалардың жалпы аумағы 155 гектардан 66 гектарға дейін кеміді. Аспалы арқан жолдарының саны да азайып отыр, бұрынғы жоба бойынша 12 болса, қазір 5-ке жетті. Көлдер 3-тен 1-ге қысқарды.
Жалпы құрылыс алаңының аумағы 13,6 есеге кеміп, 253 мың шаршы метрден 18,5 мың шаршы метрге дейін жетті. Тау курорты құрылысының көлемін оңтайландыруға байланысты 100 гектарға құрылыс салу үшін бөлінген жер учаскелерін қысқарту туралы шешім қабылданды.
"Біз қоғамдық тыңдау өткізіп, барлық сұрақтарға жауап береміз. Мен тағы да қайталап өтемін, әкімдіктің жұмысында негізгі қағидаттар ашықтық пен есептілік. Елбасының бес элеуметтік реформасында бірлескен және сындарлы жұмыстың, қоғамдық бақылаудың жүйелік шарттары көрсетілді. Барлық тараптар ақылға қонымды шешім шығарып, популисттік ұрандарға емес, дәлелді фактілерге сүйенуі маңызды. Қорытынды дұрыс, әрі мағыналы болуы керек. Бірақ тағы да қайталаймын, егер жұртшылық бізді қолдамаса, біз, әрине, жобадан бас тартамыз", - деді Алматы қаласының әкімі.
Сонымен қатар, қала әкімі шахарды модернизациялау жұмыстары Алматының туризм саласының дамуына септігін тигізіп жатқаның атап өтті.
«Бүгінгі күні оң нәтиже бар. Былтырғы жылы әуежай арқылы Алматыға 508 мыңға жуық турист келді, ал биылғы алғашқы 6 айда 286 мың шетелдік турист келді. Жыл соңына дейін өткен жылмен салыстырғанда туристер санын 20% -ға арттыру жоспарланып отыр. Алайда бұл жеткіліксіз. Бүгінгі таңда туризм қала экономикасының тек 1,5% -ын құрайды. Біздің міндетіміз алдағы 7 жылда қала экономикасындағы туризмнің үлесін бес есеге арттыру», - деді Б.Байбек.