Жаңалықтар
Басқа бұқаралық ақпарат құралдарында
Загрузка...
Читайте также

Алматыда дәстүрлі "Құрышжанов оқулары" өтті

Дәстүрлі жиын барысында жалпы түркі әлемі, түркітану бойынша өзекті мәселелер бағамдалды.

Сурет : ҚазҰҚПУ Баспасөз қызметі7 Наурыз 2019, 16:34

Алматыда "Ұлы Дала құндылықтары – Түркі әлемінің жастарын біріктіруші фактор" тақырыбында дәстүрлі "Құрышжанов оқулары" өтті. Бұл туралы Zakon.kz Қыздар университетінің Баспасөз және қоғаммен байланыс бөліміне сілтеме жасап хабарлайды.

Белгілі түрколог, тұңғыш қыпшақтанушы ғалым Әбжан Құрышжанұлының ғылыми еңбектерін зерттеп, зерделеу мақсатындағы алқалы басқосудың ұйымдастырылуына Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Қ.А. Иассауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Еуразия ғылыми-зерттеу институты және "Білім Times" республикалық ғылыми-әдістемелік педагогикалық журналы ұйытқы болды.

Дәстүрлі жиын барысында жалпы түркі әлеміне, түркітануға оның ішінде тіл, әдебиет, әлеуметтану, тарих, қоғамтану, өнер тарихы, халықаралық қатынастар, байланыс салалары бойынша өзекті мәселелер бағамдалды. Сонымен қатар түркі тілдерінің тарихы мен рухани мұралары, қыпшақтанудың жалпы және жеке мәселелері, түркі халықтарының тарихи-мәдени байланыстары, профессор Әбжан Құрышжанұлының түркі дүниесін, тілі мен тарихын, руханиятын зерттеп-зерделеуге, жалпы түркітану іліміне қосқан үлесі туралы сөз қозғалды.

Отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының оқытушылары, ғалымдар мен тіл мамандары қатысуымен өткен кеңес жұмысы "Түркітану ғылымы және түркі тілдерінің өміршеңдік мәселелері", "Рухани жаңғыру: әдебиет пен мәдениет – ұлттың рухани тамырлары", "Жаңартылған білім мазмұнына жаңа бағдар" және "Рухани жаңғыру: жаңартылған білім жүйесіндегі ұлттық сананың кемелденуі" бағыттары бойынша жүргізілді.

Жиынды Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры Вакур Сүмер ашып, тағылымды жиынның түркі әлемінің ынтымақтастығының одан әрмен артуына тигізетін ықпалы турасында әңгімеледі. Ал Қыздар университетінің Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасының меңгерушісі, профессор Тыныштық Ермекова ғалымның түркітануға қатысты еңбектеріне, әсіресе "Кодекс Куманикуске" байланысты іргелі зерттеулеріне кеңірек тоқталды. Сондай-ақ әлі табылмаған орта ғасыр ескерткіштеріне қатысты пікір айтып, оның қазіргі жастардың қоғамдық санасына ықпалы турасында әңгімеледі.

– Бүгінде уақыт талабына сай халықаралық интеграциялар мен байланыстарды нығайтуға қызмет ететін әлемдік ауқымдағы кәсіби мамандар қажет. Бұндай ғалымдар қазіргі уақытта үлкен сұранысқа ие. Солардың бірі һәм бірегейі – Әбжан Құрышжанұлы болатын. Бұл есім берісі – қаймана қазаққа, арысы – әлем түркітанушыларына таныс есім болды. Зерттеушілік мол түйсігі мен қарымды қаламгерлігінің арқасында төл тарихымыздың тереңіндегі орта ғасыр ескерткіштерін, бірқатар түркі жұртына ортақ мұраларды ғылымға енгізіп, көпшілікпен қайта қауыштырды, – деп атап өтті Тыныштық Ермекова.

Жиын барысында сондай-ақ, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Балқия Қасым "Ғалым ғибраты", Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің доценті Майра Жүнісова "Ғалым аманаты", Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің студенті Нұрай Ғазизов "Тіл тағдыры – кемел келешек кепілі", Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенті Әділет Ықылас "Ман элементінің этимологиясы" тақырыптарында баяндама жасап, Құрышжановтың түркітану саласына қосқан қомақты үлесіне тоқталды. Басқосуда Түркияның Нийде Өмер Халисдемир университеті, Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті мен Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессор-оқытушылары онлайн желісінде байланысқа шығып, аталған жоғары оқу орындарының жас ізденушілері тақырып төңірегінде пайымды пікірлерін ортаға салды.

Жиын соңында Вакур Сүмер тағылымды жиынға ұйытқы болған Қыздар университетінің ұжымы мен студенттеріне алғыс білдіріп, сертификат табыстады.

Айта кетейік, Әбжан Құрышжанұлы – қазақ тiлiнiң тарихында ескi түркi жазба мұраларына қалам тартып, халық тiлiнiң iнжу-маржандарын терген ғалымдардың бiрi, филология ғылымдарының докторы, профессор. Ә. Құрышжанұлының зерттеген еңбектері негізінен тіл тарихы, көне түркі тілдері мен ежелгі қыпшақ жазба ескерткіштері мәселелеріне арналған.


Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:
Қазір оқулыда
Басқа жаңалықтар
Загрузка...
Жаңалықтар мұрағаты
ДүСейСәрБеЖұСенЖе
Соңғы пікірлер
Соңғы пікірлер