Сын сағатта сүрінбедім - судья Ернар Қасымбеков
Әкем Мұхтар 80-жылдары Алматы қаласының ішкі істер органдарында аға тергеуші болып жұмыс істеген еді. Ол кезде тергеушінің абыройы қазіргі аудандық соттың төрағасының абыройынан асып кетпесе, кем емес еді. 6-сыныпта оқып жүргенімде әкеме қарап, мен де тергеуші болуға бел будым.
Әкем үлкен қызметте болған соң ба, мектепте мүлдем оқымадым десем болады. Кейбір сабақтарда тақтада жазылғандардың суреттерін көшірумен шектеліп жүрдім.
Бір кезде әкем маған "сен енді басыңа ғана сен" деген кезде оны түсінбеген едім. Ішімнен "сіз бар кезде мен неге басыма сенуім керек" деп ойлап қоятынмын. 11-сыныпта оқып жүрген кезімде әкем қайтыс болды. Оның алдында ғана Ішкі істер министрлігінің академиясына түсуге дайындалып, дәрігерлік комиссиядан өтіп жүрген едім. Академияға түсе алмадым. Осыдан кейін шынында да өзімді тек басым ғана алып шығатынына көзім жетті. Ұлттық кітапханаға (бұрынғы А.С. Пушкин атындағы) жазылып, кезінде мектепте қол ұшымды тигізбеген "Қазақстан тарихын" басынан аяғына дейін түгел оқып шыққан кезімде көзім ашылғандай болды. Онымен қоса психологияға деген әуестігім артты. Жол жүрген кезде "Қазақ радиосын" тыңдайтын болдым. Қазақтың әнін тыңдап, күйін ұқтым, өнеге беретін әңгімелер тыңдап жүрдім. Жаңалықтар бағдарламасын қалт жібермей, елдегі және әлемдегі саяси жағдайларды зердеме тоқып жүрдім.
Анам – мектеп мұғалімі. Табысы мардымсыз екенін көріп жүрген соң, одан жолыма ақша сұрамай, кітапханаға жаяу барып келетін болдым.
Бір жыл өткен соң тағы да полиция академиясына құжат тапсырып, дене шынықтыру пәнінен өте алмадым. Жаттығулар мен дайындалғаннан гөрі күрделірек болып шықты.
Арманыма қолым жетпейтінін түсініп, абдырап қалған кезімде анамның кеңесі демеу болып, Алматы қаласының заң колледжіне құжат тапсырдым. Ол кезде колледжде күндізгі бөлімге орын болмай, сырттай оқу бөліміне құжат тапсырдым. Қабылдау емтиханын "өте жақсы" бағаға тапсырғандықтан, колледж мені күндізгі бөлімге ауыстырды. 1997 жылы заңгер мамандығын алғандар көп болатын. Ал мемлекеттік мекемелер қазіргідей көп емес-тін. Бәсеке көп болатынын, яғни бір жұмыс орнына оншақты заңгер қатысатынын түсінген соң, күндіз-түні оқыдым. Каникул кезінде демалмай, аудандық ішкі істер басқармасына жолдама алып, тергеушілік тәжірибеден өттім. Процестік құжаттар толтыруға машықтандым.
Оқытушым Ықылас Дулатов сыйлаған А.Н. Ағыбаевтың "Сот құжаттарының үлгілері" кітабындағы соттың процестік құжаттарын мұқият зерделедім. Колледжді қызыл дипломмен бітіргеніммен, маған дайын жұмыс болмады.
Анам мені үйде қол қусырып отырғызбай, әкемнің екінші досы, сол кезде Алматы қаласы, Түрксіб аудандық сотының төрағасы Тайгелді Даутқұловқа жіберді. Анамнан жолыма ақша алмай, "Көктем-2" шағын ауданындағы үйден "Алматы-1"-де орналасқан сотқа жаяу бардым. Алматының ең ұзын көшесі Сейфуллин даңғылын басынан аяғына дейін жүріп өтеді екенсің.
Тайгелді Жабықбайұлы мені жылы қабақпен қарсы алғанымен, күнде "ертең кел" деп қайтаратын (аруағы риза болсын, жақсы кісі еді). Басқа баратын адамым болмаған соң, мен ол кісінің "ертең кел" дегенін орындап, бір апта бойы күнде таңғы сағат 08.30-да сотқа барып тұратын болдым. Әрине, жаяу жүретінмін. Үйден сотқа дейін 3 сағат уақыт кетеді. Қайтарда да дәл солай.
"Ең болмаса, курьер ретінде жұмысқа алса, соттың құжаттарын оқып тұруға мүмкіндік болатын еді ғой" деп дәмеленіп қоямын. Тайгелді Жабықбайұлы "мен сені жұмысқа қабылдай алмаймын" деп айтса да, райымнан қайтпай, күнде сотқа келіп, ол кісінің көзіне көрініп жүрдім.
Бір күні Тайгелді Жабықбайұлы соттың судьясы Сералиев Орынбасармен бірге шықты. Мен олардың қастарына барып тұра қалдым. Тайгелді Жабықбайұлы мені "қайтыс болып кеткен досымның баласы" деп таныстырған кезде Орынбасар Ікімұлы маған қарап "бастықты мазалай бермей, маған ертең кел" деген кезде қуаныштан төбем көкке жеткендей болды.
Ертесінде Орынбасар Ікімұлының кабинетіне кіріп, орындығына отырып алдым. Өзімше "сот төрағасының танысымын" ғой. Өзімді бұл судьяға сот төрағасы жібергендей денемді тік ұстап қоямын. Бірақ, ол да "ертең кел деп" өзіне мені 3-4 рет жаяу барғызды. Менің жаяу жүргенімді кейін білді.
Ертеңінде Орынбасар Ікімұлы мені өзіне көмекші ретінде жұмысқа қабылдады. Ол кезде аудандық соттар маманданбай, қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істерді қарай беретін. Сәйкесінше жүктеме де көп еді. Осындай істер бойынша үкім, шешім және басқа да процестік құжаттарды басқа судьялардың құжаттарына қарап, екі тілде жазуға дағдыландым. Екінші, үшінші жылы сот құжаттарын еш қиындықсыз жазатын болдым.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультетінде күндізгі бөлімде оқығандықтан, түске дейін сабаққа барып, түстен кейін сотта жұмыс істеп жүрдім.
Бұл оқу орнын үздік бітіріп, Жоғарғы Соттың жанындағы Сот академиясының магистратурасына түстім. Біз аталмыш оқу ордасының ең алғашқы магистранттары едік. Ол кезде академияға оқуға түсу үшін мемлекеттік қызметте стаж талап етілмейтін. Сотта жұмыс істеп жүргендіктен, бұл оқу орнын да үздік бітіріп, өзіме судья болуым үшін басты себеп жасадым.
Судья Орынбасар Ікімұлында жеті жыл көмекші болып жұмыс істеппін. Ол көбінесе қылмыстық істер қарайтын. Мамандануымды кеңейткім келгендіктен, судьяның рұқсатымен Алматы қаласының экономикалық сотына бас маман болып орналастым. Экономикалық сотта 2 жыл жұмыс істеп, ол соттың төрағасы, қазіргі Жоғарғы Соттың судьясы Амангелді Өмірбайұлы Сәрсенбаевтың үлкен мектебінен өттім. Әр судьяның өз стилі болғандықтан, бұл кісі менің орыс тіліндегі грамматикамның түзелуіне ықпал етті.
Экономикалық соттың 4-қабатында облыстық соттың мәртебесіне ие қаржылық сот орналасқан еді. Менің жұмыс қабілетімді байқаған қаржылық соттың төрағасы, қазіргі кезде Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Бектас Әбдіханұлы Бекназаровтың шақыруымен қаржылық сотқа бас маман болып ауыстым.
Қаржылық сотында 2 жылдай жұмыс істегенімнен кейін судья лауазымына конкурсқа қатысып, Елбасының Жарлығымен Алматы қаласының ювеналды сотына судья болып тағайындалдым.
Осылайша, шыдамдылық пен төзімділіктің, табандылықтың арқасында менің де, әкемнің де арманы орындалды. "Жоқ", "қолымнан келмейді" деп айтпай, қаймықпай, өз мақсатыңа тура жүрсең, дегеніңе жетесің. Әлбетте тура жолдан таймау керек.
Арманыма қалай қол жеткіздім?
Алғашында үкімдер мен шешімдерді шығару өте қиын болды. Өйткені, адам тағдырын шешу асқан жауапкершілікті қажет етеді. Судья лауазымына тар жол, тайғақ кешуге қабілетті адамдар ғана лайық деп білемін. Өмірдің қиындығын көрмеген, мемлекеттік қызметте немесе адвокат болып жұмыс істемеген, отбасын құрмаған адамдар судья болуға лайық емес деп білемін. Бұл тұрғыда, судья болу үшін адам кем дегенде 10 жыл тер төгіп, еңбектенуі керек деп санаймын. Себебі, тәжірибелі судьяның әр шешімі өлшеулі болады.
Ювеналды сотта 6 жыл судья болып жұмыс істедім. Түрксіб аудандық сотында судьяның көмекшісі болып жүргенімде сот төрағасы болуды армандаған едім. Бұл тіпті орындалмайтын арман десек те болады. Өйткені, сот төрағасы болу үшін нөмірі бірінші судья болуың керек қой. Бұл лауазымның өзі биік мұзарт.
Ювеналды сотта бір күрделі іс қарадым. Бала дауы. 10 жасқа толған қыз баланың әке-шешесі ажырасқандықтан, анасы Алматыда, әкесі Астанада тұрған. Кейіннен баланың шешесі қайтыс болған. Шешесінен мұраға көп дүние қалған соң, бұл бала үшін оның шешесінің кіндік шешесі мен әкесі дауласты. Бала анасының кіндік шешесін өз әжесіндей көргендіктен, сол кісімен қаламын деді. Мен баланы әкесімен қалдыру туралы шешім қабылдадым. Алматы қалалық сотының апелляциялық және кассациялық сатылары менің бұл шешімімді бұзып, баланы екінші тарапқа берді. Іс Жоғарғы Сотқа жетіп, судья Бағлан Демесінұлы Мақұлбековтың баяндамасымен қайта қаралып, қалалық соттың қаулылары бұзылып, менің шешімім қалпына келтірілді. Кейіннен Бағлан Демесінұлымен сұхбаттасқан кезімде ол кісі бұл істі есіне алып, "мен сол кезде бірінші кезекте Заңды басшылыққа алдым" деп еді.
Осы шешімім арқылы көзге түскенімнен деп ойлаймын, маған Алматы облыстық сотының төрағасы Мейрамбек Таймерденов хабарласып, "Ернар, сен қашанғы ювеналды сотта жүресің, саған бұдан да жауапкершілігі зор қызмет атқаратын уақыт жетті" деп, сот төрағасы лауазымын ұсынды.
Ол кісі ұлық болса да кішік болып, үлкен абыройымен, үлкен мәртебесімен өзі ұсыныс жасаған соң мен ойланбастан келістім. Кейіннен бұл қызмет Алматы облысының Текелі қалалық сотының төрағасы екенін біліп, қуанышым қойныма сыймады. Осылайша, арманым орындалды. Қазір осы қызметте жүргеніме 4 жыл болып қалды.
Ювеналды соттың істері күрделі болса да, мамандануының шеңбері тарлау. Ал жалпы юрисдикциядағы сотта тәжірибе көп. Алматы облысында Советхан Сәкенов, Әуесбек Омаров және Нұргүл Айымханова сияқты ұстаздарымның арқасында шыңдала түстім. Басшы қызметін атқарып, өзімнің ұйымдастырушылық қабілетімді байқадым. Осы ұстаздарымның тәлімінің арқасында судья, сот төрағасы ретінде ғана емес, адам ретінде қалыптастым десем қателеспеймін.
Абай хакім "Адам бол" дегендей, біздің жұмыста ең бастысы, адами қасиетіңді жоғалтпау. Ол үшін өзіңді алдыңда отырған әр адамның орнына қоя білуің керек. Судья үшін тағы бір басты қасиет – қарапайым болу. Қарапайым болсаң, әрдайым халқыңа жақын жүресің әрі әділ, адал судья боласың. Әділ судья – әділдіктің ақ туының сардары, әділдіктің салтанат құруының темірқазығы.
Ернар Қасымбеков,
Алматы қаласы №2 Алмалы аудандық сотының судьясы