Қазақстанда шенеуніктер кімге бағынарын білмей қалатыны рас па - саясаттанушы

Павел Александров / ТАСС, сурет - Zakon.kz жаңалық 21.01.2020 19:16 Павел Александров / ТАСС
Путинге Қазақстандағы биліктің жартылай транзиті сипатындағы модель ұнайды, өйткені президентіктен кеткенмен, елдегі бүкіл билік өз қолында қала береді.

"Қазақстанда Назарбаевтың жақтас консерваторлары Парламентті өз бақылауына алу жайын ойластырып жатқан секілді. Онда да демократияны өрістету үшін емес, егер келесі президент өзбек көшбасшысы Шавкат Мирзиёев секілді элитаны қорғауға көшкен жағдайда оған қарсы тұру үшін". Мұндай болжамды Ресейдің "Новая газета" басылымына берген сұқбатында саясаттанушы Досым Сәтпаев айтты, деп хабарлайды zakon.kz.

Сондай-ақ ол өз сұқбатында саяси элитаның қос басшы жағдайында қалай жұмыс істеп жатқанына да егжей-тегжейлі тоқтайды. Сәтпаевтың айтуынша, Тоқаевтың билікке деген амбициясы өсіп келеді. Әрине, ол Назарбаевқа ашық қарсы шыға алмайды, бірақ ол кеткен жағдайда "былай істеймін" деген ойлары барына саясаттанушы күмәні жоқтығын айтады.

- Әрине, Путинге Қазақстандағы биліктің жартылай транзиті сипатындағы модель ұнайды, өйткені президентіктен кеткенмен, елдегі бүкіл билік өз қолында қала береді. Қос билік деген терминді қолданғым келмейді. Ондай бізде жоқ. Бізде биліктің көп өкілеттігін бір қолына жинаған Назарбаев отыратын Кітапхана, одан соң бәрін шеше алмайтын, бірақ формальды түрде президенттік өкілеттіктегі Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ақорда бар. Жартылай транзит деген осы. Биліктің транзиті бірінші президент биліктен түбегейлі кеткенде толықтай жүзеге асырылады. Міне, осы қалыптағы модель Путинді қатты қызықтырып отыр. "Бәрін билеп-төстеу үшін Президент болудың қажеті де жоқ екен ғой", - деп ойланады Путин. Иә, бүкіл жүйенің үстінен қарайтын Ли Куан Ю, Дэн Сяопин сияқты көшбасшы болуға болады, - дейді Сәтпаев.

Назарбаевтың өкілеттілігін саусақпен санамалаған саясаттанушы оның тоғыз екенін де жеткізді.

- Назарбаевтың заңмен бекітілген жеті өкілеттігі бар. Тіпті, сегіз, жоқ тоғыз екен ғой: ол Еуразиялық экономикалық комиссияның құрметті төрағасы, одан соң Түркітілді мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің өле-өлгенше құрметті төрағасы. Путин қазір Қазақстан секілді Қауіпсіздік кеңесінің мәртебесін өзгерту керек пе, әлде Думаны күшейткен абзал ма деп ойлап отыр. Путиннің парламенттік республикасы дегендей. Айтқандай, қазір Қазақстанда Назарбаевтың жақтас консерваторлары Парламентті өз бақылауына алу жайын ойластырып жатыр. Онда да демократияны өрістету үшін емес, егер келесі президент өзбек көшбасшысы Шавкат Мирзиёев секілді элитаны қорғауға көшкен жағдайда оған қарсы тұру үшін, - дейді ол.

Саясаттанушы Қазақстанда кадр мәселесін әлі күнге дейін Назарбаевтың шешетінін айтты.

"Назарбаев өз түсінігіндегі тұрақтылық үшін бәрін жасауда. Ал ол үшін тұрақтылық – бәрі толықтай өз бақылауында болғаны. Мәселен, ол әлі күнге дейін елдегі кадр мәселесін өз шешеді. Сыртқы саясат та оның қолында. Әшкі саяси мәселелер де онымен алдын ала мақұлданып алады. Тоқаев мұны өзі үнемі айтып та отырады. Бірақ соңғы кездері Тоқаевтың амбициясы өсіп келеді. Әрине, ол Назарбаевқа ашық қарсы шыға алмайды, бірақ ол кеткен жағдайда "былай істеймін" деген ойлары бары анық. Осы жағынан алғанда, ол Назарбаевтан соң билікте қала бергісі келеді, сол үшін Назарбаев маңындағы саяси элитамен күресуге бек дайын секілді. Әрине, бұл -тұрақсыздың нышаны. Онсыз да қазіргі бюрократиялық аппарат психологиялық ауыр жағдайды бастан кешуде", - дейді Сәтпаев.

- Сонда шенеуніктер кімге бағынатынын білмей ме?

- Тоқаев қабылдаған шешімді міндетті түрде жүзеге асыру керек, өйткені ол президент қой. Бірақ мұндайда бәрінде бір сауал туындайды, бұл шешімді Назарбаев мақұлдады ма, әлде жоқ па деген. Жалпы, Қазақстандағы бюрократиялық аппараттың басты проблемасы ешқандай жауапкершілікті өзі мойнына алмау, жауапкершіліктен жалтару болып табылады. Бұл Назарбаевтың кезінде де өзекті мәселе болатын, ал қазір ол тіптен күшейген.

- Болжамды түрде алайықшы, Тоқаев ақырындап бар билікті өз қолына тартып алуы мүмкін бе?

- Бұл - таза амбиция мәселесі. Тоқаев элита үшін әлі беймәлім адам. Оның бірінші президенттен тәуелсіз ететін жеке командасы жоқ, оны қолдайтын олигархтар да қасында жоқ, орталық және өңірлік билікте маңызды лауазымда отырған өз адамдары жоқ. Мұндай Тоқаевқа қандай да бір қарсылық әрекет жасау, әрине қиын.

Қырғызстанды алалық, Атамбаев билікке әкелген Жээнбеков оны оп-оңай ығыстыра салды. Бірақ Атамбаевта Қырғыз Республикасы Социал-демократиялық партиясы төрағасы дегеннен басқа өкілдігі болған жоқ.

Ал Назарбаев бәрін алдын ала заңды түрде дайындап, бүкіл өкілеттігін дайындап алды. Ол Тоқаевтың өкілеттігін шектей алатын Қауіпсіздік кеңесі басында отыр. Тіпті, Парламент те оған бағынады. Қарулы күштер де Назарбаевтың қолында. Тоқаевқа үміт артатын бір-ақ нәрсе бар, онда да Назарбаев кеткеннен кейін бизнес-элитаның басым бөлігінің қолдауына ие болу. Онда да ол осы топ пен бірінші президенттің отбасының қолдау арасында таңдау жасауы мүмкін. Президент отбасы Тоқаевқа ставқа қойып отырған секілді. Назарбаев ел алдында сирек шығатын болған, бірақ ол "Шерлок Холмстағы" Мориарти секілді – бүкіл жүйені құпия басқарып отырған, бар билікті қолына жинаған адам.

zkadm
Мақаламен бөлісу
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: