Бизнесті ашық жүргізу экономикалық тұрғыдан тиімді болуы тиіс - Мамин
ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында көлеңкелі экономиканы төмендету жөніндегі шаралар қаралды, деп хабарлайды zakon.kz.
ҚР Үкіметінің ресми сайтының хабарлауынша, Атқарылып жатқан жұмыстар туралы ҚР қаржы министрінің міндетін атқарушы Берік Шолпанқұлов, ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова және "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев баяндады.
Қазақстан 2025 жылға қарай көлеңкелі экономика деңгейін ЖІӨ 20%-нан төмен деңгейге жеткізу міндетін қойды. Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде ҚР бақылаудан тыс экономикасының үлесі 2019 жылдың қорытындысы бойынша ЖІӨ-ге 27%-дан 23,62%-ға дейін төмендеді. Бұл бюджеттің кіріс бөлігін 1,5 трлн теңгеге қосымша ұлғайтуға мүмкіндік берді.
ҚР-да бақылаудан тыс қызметті заңды айналымға тартуды ынталандыру, кедендік және салықтық әкімшілендіруді жақсарту арқылы заңнамалық базаны жетілдіру бойынша тұрақты жұмыс жүргізілуде. Мәселен, бизнеске қолайлы болуы үшін және импорттан немесе өндірістен бастап бөлшек саудаға дейін тауардың қозғалу ашықтығын қамтамасыз ету үшін "Виртуалды қойма", "Таңбалау" модульдерімен "АСТАНА-1", "Электрондық шот-фактуралар" кешенді ақпараттық жүйелері іске асырылуда. Тексерулер санын, бизнеспен байланысты азайту, сондай-ақ тексеруді тағайындау кезінде адами факторға жол бермеу үшін "Тәуекелді басқару жүйесі" ақпараттық жүйесі іске қосылды.
Үкімет басшысы заңсыз экспорттық-импорттық валюталық операцияларды жою бойынша ұсыныстар енгізуді, қызметтерді цифрландыруды жетілдіру, ақпараттық жүйелерді одан әрі интеграциялау, ҚР аумағында тауарларды қадағалау жөніндегі жұмысты жалғастыруды, сондай-ақ төлемдер мен төлем жүйелері туралы әрекет етіп тұрған заңнамаға электрондық ақша иелерін міндетті түрде сәйкестендіруге бағытталған өзгерістер мен толықтырулар енгізу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Премьер-министр мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру, артық талаптарды қысқарту, қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру, әкімшілік кедергілерді азайту, нақты әкімшілік салық салу арқылы бизнестің көлеңкелі сектордан шығуын экономикалық ынталандыру жөніндегі жұмысты жалғастыруды тапсырды.
"Бизнесті ашық жүргізу экономикалық тұрғыдан тиімді болуы тиіс", — деп сөзін түйіндеді А. Мамин.