Жириновский "түркітілдес халықтар бірігіп кетер ме екен" деп қорқады
"Комсомольская правда" радиосының эфирінде сөз сөйлеген Жириновский "Қарабақтағы қақтығыс кімге тиімді" деген мәселеге ойыса жөнеліпті. Қарабақтағы жағдайдың сценарийін ары қарай өрбітуде түркітілді әлемнің қандай рөл атқаруы мүмкін екеніне қатысты аса қызық мәлімдеме жасады, деп жазады Жас Алаш газеті.
Ол былай дейді:
– Орыс патшасы түріктерге "бұл жерлерден кетіңдер" деп баяғыда-ақ ультиматум қойса болар еді. Олар сол заманда орыстан қорқып, шынымен де бізден аулақ жаққа қарасын батырар ма еді. Оған көнбесе, шетінен қыра бастауға да болар еді. Соғыс ашып, түркілердің бәрін барлық жерімізден қуып жібермегеніміз-ай. Стамбұлға бірнеше рет жорық жасадық. Баяғы большевиктер кедергі болды. Мен неге большевиктерге қарсымын? Олар біздің оңтүстігімізді оңдырмай бүлдірді, енді ол жақта түркілер қожайын болып, білгенін істеп отыр. Қазір де олар орайын күтіп, түріктің туын қадап қойғысы келеді. Түріктің ғана емес, әзірбайжан, түркімен, өзбек, қазақ, қырғыз әскерінің де барлық офицерлері Түркияның әскери училищелерінде оқудан өтеді. Түріктің мектептері сол елдердің бәрінде ашылған, әрі түрік тілінің мұғалімдері дайындап жатыр барлық жерде. Түріктер мәдениет жағынан бұрынғы КСРО-ның барлық түркітілді территорияларына кіріп алды. Енді оларға әскери жағынан да кіріп алу тиімді болып отыр. Міне, түрік қазір түркітілді елдер мен халықтардың әскери одағын құруды жоспарлап отыр. Бұл деген сұмдық нәрсе болады. Біздің әскеріміз түкке жарамай қалады. Ертең барша түркі әлемінің әскер саны 10 миллион адам болса қайтеміз? Олар батыс Түркістан жақтан Қытайдың мазасын ала бастайды, ал бұл Америкаға тиімді. Иә, Америка Франциямен және Ресеймен бірге соғысты тоқтатуды талап еткендей болды, бірақ Америка Кавказдан "түрік әскерін шығару керек" деген талап қоймады. Америкаға Қытайдан Орталық Азия арқылы Каспий, Әзірбайжан, Еуропаға баратын Ұлы Жібек жолының көзін құрту қажет болып тұр...
Сол себепті, Қарабақ бұлар үшін қашанда мұсылман әлемінде, Ауғанстан, Ирак, Сирияда от тұтататын сіріңке сияқты болады. Содырлардың бәрі Қырғызстан шекарасына жиналады. Ол жақта Қытаймен шекара тұр. Анау Тәжікстан да Қытаймен шекараласады, Қазақстан дегенің, тіпті жатқан бір алып қазақ-қытай шекарасы! Сосын батыс Қытайды бұлар жұлмалай бастайды, ол жақта түріктер де, ұйғыр, қашғар, дүнген дейсіз бе, мұсылмандар көп тұрады. Мен өзім Алматыда жүргенімде Дунганская деген көшеде тұрдым, 79-шы үйде, 3-ші пәтерде. Дәл жанында Кашгарская, Узбекская деген көшелер болатын.
Әлемдегі үлкен ойын енді басталады, керек десеңіз. Жиырма бірінші ғасырдың соңына дейін созылатын қызық күтіп тұрмасын алда. Қазір бізге сәл артқа шегіне тұруға тура келсе, бұл уақытша құбылыс. Бірақ біздің кез келген нәрсеге лажсыз көнуіміздің өзі үлкен қасірет. Содан ғой, өте қуатты Ресей империясын құрудың орнына Совет одағы деген құбыжықты құрдық. Ол он бес бөлікке бөлініп, ақыры, күйреп тынды. Әргі-бергі тарихта әлемдегі ешбір мемлекет он бес бөлікке бөлініп, күйремеген, – деп желпінді Жириновский.