«Тамақ қат, бензин қымбат». Қазақстандықтардың екінші легі елге оралды
Рейс Польшаның Катовице қаласынан орындалды, бортта 120 жолаушы болды. "Air Astana" ұшағы Нұр-Сұлтан уақыты бойынша 15:30-да Катовице-Атырау бағыты бойынша көкке көтерілді. Атырауға техникалық жағдайда қонғаннан кейін ұшақ сағат 21: 03-те Нұр-Сұлтан қаласына келіп жетті.
Елордалық әуежайдың баспасөз хатшысы Әнуар Шалекеновтың айтуынша, Польшаның Катовица қаласынан қатынаған рейс келіп қонды, оның бортында 120 жолаушы бар, оның ішінде төртеуі - бала. Бұл - Украинадан Отанына жетуге өтініш білдірген Қазақстан азаматтары.
Ол елге оралған отандастарымыз үшін елорда әкімдігі трансфер ұйымдастырғанын айтты.
Мен Украинада тұрамын. Киев - менің туған қалам. Ол жаққа 10 жыл бұрын көшіп барғанмын. Бойымды үрей биледі. Дүдамалдылық, жарылыстар. Үш күн ыстық тамақ ішпедік, тәулігіне екі сағат қана ұйықтайсың. Құдайға шүкір, қашықтан істейтін жұмысым бар. Өмір жалғасып жатыр. Бәрі тұрақталғаннан кейін Киевке ораламын, онда менің үйім бар, менің өмірім сонда. Бес мысығыммен өзім жалғыз ұшып келдім. Air Astana мәселемізді шешуге ат салысты. Барлық уақытта мысықтарымның үні шықпай, тым-тырыс болды. Интернет арқылы елшілік, Air Astana әуе компаниясының өкілдерімен байланыс ұстап отырдым. Киевтен Львовқа, содан кейін Польшаға жеттік. Мұнда менің ата-анам, туған-туыстарым бар. Елена Кузьмина
Эвакуация ұшағымен жеткендердің бірі - Жанар Қадырбекованы әуежайдан қызы Меруерт қарсы алды. Оның айтуынша, олар Қазақстанның Украинадағы елшілігіне келгенде жарылыстың дауыстары естіліп жатқан. Ол дипломатиялық өкілдіктің қызметкерлеріне алғысын білдіріп, өздеріне көрсеткен көмектері үшін қатты таң қалғанын атап өтті.
Біз елшілікке келгенде дабыл мен жарылыстар үздіксіз болып жатты. Киевті тек бомбалап жатыр, шынымен де онда соғыс жүріп жатыр, өте қорқынышты. Менің Киевте достарым қалды. Бензин жоқ, азық-түліктен тек алып үлгергендеріміз ғана бар. Дәрігерлер балаларды құтқаруға тырысуда. Елшіліктің жігіттері күндіз-түні аяқтарынан тікесінен түк тұрып, қызмет қылып жатыр. Отбасыларын кері жіберді, ал өздері ұрыс жүріп жатқан жерге оралды. Біздің еліміз біз үшін рейс ұйымдастырғанына таң қалдым. Елшілікте атап өткендей, біздің еліміздің тарихында мұндай ауқымды эвакуация әлі болып көрмепті. Львовтан Польша шекарасына дейінгі 90 шақырымдық жолды біз бір тәулік ішінде еңсердік. Шекарада украиндық еріктілер қолдарындағы соңғы нан-шайын беріп, сорпа ұсынды. Ертең не болатыны, олардың күйі, не жейтіні белгісіз, бірақ бәрібір олар соңғы нанымен біз секілділермен бөлісіп жатыр. Жанар Қадырбекова
Катовица-Нұр-Сұлтан рейсінің тағы бір жолаушысы Кәрім Әжіғұлов 2013 жылдың соңынан бастап Киевте тұрады, сонда жұмыс істейді. Ол да өзінің Отанына оралу үшін күш салғандардың барлығына алғыс білдірді.
Жақсы жеттік. Эйр Астанаға да, елшіліктегілер де дән ризамын. Біз шекараға дейін отбасымызбен өз көлігімізбен жеттік. Өз көлігіміз болатын, бірақ соңында оны достарымызда тастап кеттік. Біз Киев қаласынан 25 ақпанда өз бетімізбен Польшаға қарай бет алдық. 2013 жылдың аяғынан бастап Украинада тұрамын, сонда жұмыс істеймін. Жарылып жатты, дауысын естідік. 24 ақпанда Львовта іссапарда болдым, таңертеңгі 7-ден бастап жарылыс бұрқырап жатты. Елордада туыстарымыз бар, қазір соларға барамыз. Кәрім Әжіғұлов
Қазақстанның Украинадағы елшілігінің кеңесші-уәкілі Сергей Коноваловтың айтуынша, кеше, 28 ақпанда 175 адам Алматыға, бүгін, 1 наурызда 124 адам Нұр-Сұлтанға келіп жетті. Осы жағынан алғанда, Украинадан жалпы 300 адам эвакуацияланды.
Қазір Польшадағы қауіпсіз аймақта 74 адам бар. Олардың барлығы қонақүймен қамтамасыз етілген, үшінші рейсті күтіп жатыр. Оны біз дайындаймыз. Киевтегі елшілікте қақтығыс аймағында 30 адам бар, олар елшілік қызметкерлері емес. Елшімен қоса олар да тамақпен қамтамасыз етілген. Бірақ біз алдағы уақытта олармен байланыс үзіліп қалады-ау деп қауіптенеміз, өйткені бомбалау үсті-үстіне жалғасып жатыр. Сондай-ақ, Харьковтан келе жатқан 20 адамды күтіп отырмыз, жақын арада олардың барлығы эвакуацияланады. Львовтан да, бұл Ресей шекарасына ең жақын қала, ол жақтан да тағы 15 адам келуі керек. Елшіліктің кеңесші-уәкілі Сергей Коновалов
Оның айтуынша, қазір үшінші эвакуациялық рейс дайындалып жатыр, ол "адамдардың жиналуына қарай" жөнелтіледі.
Елшілік, алдында өздері мәлімдегендей, соңына дейін сол арада болады. Дәліз барда, мүмкіндік барда эвакуациялауды жүзеге асыра береміз. Эвакуацияға арналған көлік қазір өте қымбат, Львовқа дейін, одан әрі шекараға, Катовицеге дейін 10-15 мың доллар сұрайды. Сондықтан қазір елшілікті қолдау мен эвакуацияны жалғастыру үшін қосымша қаржыландыру мәселесі шешілуде. Барлығы елшілік қызметкерлері мен елшінің араласуымен шешіліп жатыр. Қол жеткізілген дүние, достастық келісімдер, барлығы осылай шешіліп жатыр. Қазір біз Қазақстанның қолдауына сенім артамыз. Турасын айтқанда, қазіргі әскери қақтығыс бұрын болған жағдайдан мүлдем өзгеше. Елшіліктің кеңесші-уәкілі Сергей Коновалов
Бұған дейін хабарланғандай, қазақстандықтарды эвакуациялаған алғашқы арнайы рейс 28 ақпанда Алматыға келіп қонды.
Қазақстанның Украинадағы елшісі Дархан Қалетаевтың айтуынша, 657 қазақстандық өзін эвакуациялауды сұрап, өтініш толтырған.