Жаңалықтар тізбегі
0

Ұлттық банк 2021 жылғы төлем балансы туралы мәлімет берді

ҚР Ұлттық банкі, төлем балансы, импорт, экспорт, Ресей, пандемия , сурет - Zakon.kz жаңалық 08.04.2022 13:36 Сурет: Zakon.kz
Қазақстан Ұлттық банкі 2021 жылғы төлем балансының соңғы қорытындысын жариялады. Ағымдағы шоттың тапшылығы 2020 жылмен салыстырғанда 0,8 млрд АҚШ долларына қысқарып, (-)5,7 млрд АҚШ доллары болды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы ҚҰБ Төлем балансы департаментінің директоры Азат Өскенбаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, ағымдағы шотты жақсартудың негізгі қозғалтқышы тауар экспортының 27,5%-ға, яғни 60,3 млрд АҚШ долларына дейін артуы болғандығы сөзсіз. Бұл, бірінші кезекте, экспортталатын шикізат – мұнай мен металл бағасының жоғары болуымен түсіндіріледі, атап айтсақ, олардың жиынтық үлесі 2021 жылғы экспорттың шамамен 70%-ына тең болды.

Мұнай бағасының өсуі 2020 жылмен салыстырғанда мұнай мен газ конденсаты экспортының ұлғаюына алып келді. Бұдан басқа, түсті металдардың сатылымы 1,2 млрд долларға өсіп, 6,1 млрд долларға дейін, қара металл сатылымы 1,8 млрд долларға өсіп, 5,0 млрд долларға дейін жетті. Экспорттың қалған бөлігінде де бидай, темір кені және ферроқорытпа сияқты шикізат тауарлары басым болып келеді.ҚҰБ Төлем балансы департаментінің директоры Азат Өскенбаев

Тікелей шетелдік инвесторларға төленетін төлемдер туралы

Шетелдік инвестициялар экономиканың шикізат секторларында шоғырланған. Бұл – бағаның өсуі экспорттың ғана емес, сондай-ақ, шетелдік тікелей инвесторларға төленетін кірістердің өсуіне де алып келеді деген сөз. Осылайша, шикізат бағасының өсуімен ағымдағы шот пропорционалды түрде жақсармайды, ағымдағы шотқа қысым сақталып қала береді.

Былтыр мұнай бағасы, 2020 жылмен салыстырғанда, 69,2%-ға, яғни бір баррель үшін 41,8-ден 70,7 АҚШ долларына дейін өсті, металл бағасының индексі GPMI (Global price of Metal index) – 46,9%-ға, яғни 139,8-ден 205,4-ке дейін өсті. Жалпы алғанда, бұл шетелдік тікелей инвесторлар кірісінің (дивидендтер мен қайта инвестициялау) 62,1%-ға, яғни 22,8 млрд АҚШ долларына дейін өсуін қамтамасыз етті.

Импортқа тәуелділіктің төлем балансының көрсеткіштеріне тигізетін әсері мен құрылымдық проблемалары туралы

Департамент директорының сөзінше, шетелдік инвестициялардың шикізат секторына шоғырлануы – Қазақстанда төлем балансының құрылымдық проблемаларының біріне айналды. Бұдан басқа, маңызыдылығы алдыңғысынан артық болмаса, кем түспейтін тағы бір мәселе – еліміздің импортқа тәуелділігі.

Соңғы уақыттарда импорт жоғары деңгейде сақталып отыр. Сауда саласындағы серіктес елдерде өткен жыл бойы инфляцияның өсуі, халық пен бизнестің төлемге қабілетті сұранысы, сондай-ақ, ішкі өндірістің болмауы импорт өсіміне мұрындық болды және оның салдары ағымдағы шоттың жақсаруына кедергі келтірді. Төлем балансының әдіснамасы бойынша тауар импорты 2020 жылғы көрсеткіштен 7,1%-ға артып, 39,7 млрд АҚШ долларын құрады және ол 2019 жылғы пандемияға дейінгі көрсеткішпен деңгейлес болды.Азат Өскенбаев

Импортта байқалған өзгерістер туралы

Азат Өскенбаевтың айтыуынша, бұған дейінгі уақытта импорттың негізгі драйвері инвестициялық және аралық тауарлар болған болса, өткен жылы тұтыну тауарларының, әсіресе азық-түлікке жатпайтын тауарлардың импорты айтарлықтай өсті. Тұтыну импорты 12,4 млрд АҚШ долларына жетті, бұл – соңғы 7 жылдағы ең жоғары көрсеткіш.

Қазақстандықтар азық-түлікке жатпайтын тұтыну тауарларынан (2021 жылы импорт – 8,9 млрд АҚШ доллары) – импорттық автомобильдерді, телефон, компьютер, дәрі-дәрмек, киім-кешек пен аяқ киімдерді, ал азық-түлік тауарларынан (3,6 млрд АҚШ доллары) – ұннан жасалған кондитерлік өнімдерді, сусын, қант, шоколад, құс еті, ірімшік пен сүзбе, шай, шұжық өнімдерін сатып алған.

Теңгенің айырбас бағамына импорттың әсері туралы

Импорттан валюта бағамына қысым әрдайым болады. Бұл – оны төлеуде импорттың шетел валютасына сұраныс тудыратындығымен байланысты.

Алайда, департамент директоры атап өткендей, мұнда қазақстандық ерекшеліктерді де ескеру қажет. Бұл дегеніміз: аралық және инвестициялық импорттың кейбір бөлігі шетелдік тікелей инвестициялар арқылы қаржыландырылады. Яғни, импорт көлемі ішкі валюта нарығы арқылы өтпейтіндіктен, олар теңге бағамына қысым көрсетпейді.

Ішкі нарықтағы валютаға сұранысты аралық және инвестициялық импорттың фискалдық шығыстар мен шетелдік инвестициялар қаржыландырмайтын бизнес қаражаты есебінен сатып алынатын бөлігі, сондай-ақ тұтыну импорты тудырады.

Аралық және инвестициялық тауарлар импорты оларды әрі қарай пайдаланудың тиімділігімен ақталады, себебі, ол ішкі өндірістің дамуына ықпал етеді. Тұтыну тауарларынан біз импортты ауыстыру және сол арқылы айырбастау бағамына қысымды төмендету мүмкіндігін көреміз. Кейбір салыстырмалы түрде қарапайым позицияларды – ресурстарды тиімді әрі ұтымды пайдалану арқылы ел ішінде де шығаруға болар еді.

Мұндай тауарларға, мысалы, қант, алма, шұжық, құс еті, тұрмыстық химия, киім-кешек пен аяқ киімді жатқызуға болады. Осылайша, 2021 жылы тұтыну импортының айтарлықтай үлкен көлемде жеткізілуі шетел валютасына деген сұраныстың артуына ықпал еткен негізгі факторлардың бірі болды.

Геосаяси жағдайдың биылғы импорттың қысқаруына тигізген әсері туралы

Ресей – Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі. Оның 2021 жылғы импорттағы үлесі 42%-ды құрады (соңғы 5 жылда орта есеппен – 38%). Биыл импорт қаншалықты азаяды немесе ол жалпы қысқартылуы мүмкін бе, бұл – санкциялардың көлемі мен ұзақтығын, әлемдік инфляцияның динамикасын, басқа логистикалық тізбектерге тез арада қайта бағыттау мүмкіндігін, халықтың сатып алу қабілетін және Ресейдің белгілі бір тауар топтарын шығаруға ішкі тыйымдарын қамтитын әртүрлі факторларға байланысты болады.

Мысалы, өткен жылы импорттың басым бөлігі ресейлік автомобильдер мен олардың жабдықтарынан құралған болатын. Алайда, бүгінгі санкциялық шектеулерге байланысты Ресей Федерациясындағы автомобиль зауыттары жабылып жатыр. Бұл, әлбетте, біздің нарыққа да ықпал етпей қоймайды. Тағы бір мысал ретінде келтірейін, Ресей қант экспортын тоқтатты. Сондай-ақ шет елдерден әкелінетін тауарлардың бір бөлігі бізге Ресей аумағы арқылы жеткізілетін. Бұл жерде тауар бағасын көтеріп жіберетін солтүстік көршіміздегі инфляция қарқынын да ескеру қажет.Азат Өскенбаев

Оның айтуынша, барлығы валюта бағамына, екі ел арасындағы инфляциялық дифференциалға, логистикалық тізбектегі ахуалға және Ресейден белгілі бір тауарларды шығаруға тыйым салудың одан әрі қалай қалыптасатынына байланысты болады.

Сәуір айының соңында жарияланатын 2022 жылдың бірінші тоқсанындағы төлем балансын алдын ала бағалау кезінде бізде бұл сұраққа анағұрлым нақтырақ жауап болады деп ойлаймын, – деді Азат Өскенбаев.
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: