Алматылықтар Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды
Іс-шара әскери оркестрдің сүйемелдеуімен әнмен әрленіп, ардагерлерге жеке концерт қойылды. Әр ардагердің үйіне арнайы барып гүл шоғы мен сыйлық табыс еткен қала әкімдігінің өкілдері қан майданда елін қорғай жүріп, биік рухын, ерен ерлігі мен батырлығын бүкіл әлемге таныта білген ардагерлерді құрметтеу кейінгі ұрпақтың парызы екенін атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv .
Мерекеде ерекше ықласқа бөлінген ардагерлер де өз тарапынан алғыс айтты.
«Бұл мерекеде көзге жас алмауға болмайды. Ұлы Жеңістің 77 жылдығымен құттықтауға келгендеріңізге шын жүректен алғыс айтамын!», - деді соғысқа қатысушы Владимир Белозеров.
Владимир Дмитриевич Белозеров 1925 жылы 3 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысының Шымкент қаласында дүниеге келген. 1943 жылы наурызда әскер қатарына шақырылды. Одан кейін 2-Украин майданына барып, Харьков, Кременчук, Кобеляки, Днепрді азат етуге қатысты. 1943 жылы қазанда Владимир Белозеров жараланып, көп ұзамай ол әскери қызметке жарамсыз деп танылды.
«Бірліксіз - тірлік болмайды» деген қазақ. Бірліксіз болмайды», - деді ардагер Бисенғали Жұбаниязов.
Бисенғали Жұбаниязов Айтжанұлы 1925 жылы 11 наурызда Ақтөбе облысында дүниге келген.1942 жылы желтоқсан айында 17 жасында өз еркімен Отанын қорғауға аттанды. Әуелі Башқұрт АКСР Стерлитаман әскери жаяу әскер училищесіне жіберілді. 1943 жылы Батыс майданы Ржев-Смоленск бағыты бойынша соғыс алаңына аттанып, 1943 жылы жараланып, Бакситогорск госпиталіне емделуге жіберілді. 1944 жылы айыққан соң, Ақ теңіз жағалауындағы Солтүстік майданға, жағалау күзетіне жіберіліп, соғыстың соңына дейін сонда болды. Содан кейін Архангельск және Петразаводск тауларындағы әскери бөлімдерде әскери борышын өтеп, 1950 жылы ата-анасының тұрғылықты жері бойынша Ақтөбе қаласына оралды.
Ақтөбеде ішкі істер органдарында қызмет етіп, кейін облыстың партия және кеңес органдарында қызмет атқарған.
1968-1975 жж жаңадан құрылған Талдықорған облысына жұмысқа жіберіліп, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық ұйымын басқарды.
1975 жылы Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық министрлігінің орталық аппараты, жөндеу-құрылыс ұйымының бас басқармасы қызметіне ауыстырылды.
1985 жылы зейнеткерлік жасқа жеткен соң, лайықты демалысқа шықты.
Ұлы Отан соғысының ардагері, еңбек ардагері, тың игеруге қатысушы. Кеңес армиясы қатарында қызмет еткен және ұрыс қимылдарына қатысқан, сондай-ақ соғыстан кейінгі еңбегі үшін 23 орденмен, мемлекеттік маңызы бар медальдармен марапатталған:
Қызыл Жұлдыз, 1-дәрежелі Отан соғысы, 1-дәрежелі Отан соғысы ордендерімен. «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Ұлы Отан соғысына қатысушы», «Еңбек ардагері», «Тың игеру» медалының иегері.
Қалада 75 соғыс ардагері тұрады және олардың барлығына тиісті көңіл бөлініп, қолдау көрсетілетін болады.
Сурет: Zakon.kz