Мысырда ресейлік жігітті жеп қойған акула мұражайға қойылатын болды

Мысырдағы туристік демалыс орнында адамды жеп қойған акула мумияланып, мұражай экспонатына айналатын болды, деп хабарлайды Zakon.kz.

23 жастағы ресейлік турист Владимир Поповты 8 маусым, бейсенбі күні Қызыл теңіздегі Хургада курортының маңында жолбарыс акуласы тірідей жеп қойды.

Көп ұзамай акуланы жергілікті тұрғындар аумен ұстап, өлтірген деп мәлімдеді Al Arabiya.

Дүйсенбі, 12 маусымда Теңіз ғылымдары институты мен Қызыл теңіз қорығының мамандары Хургадада акуланың денесін институт мұражайына қою үшін бальзамдау процесін бастады.

Мысыр билігі акуланың бұл әрекетінің себептерін анықтау үшін зерттеуге берілгенін растады. Сондай-ақ олар бұл акуланың осыған дейін бірнеше рет қайғылы оқиғана себеп болған акулаға қатысы бар-жоғын анықтамақ.

Ресейлік жігітті акула жеп қойғаннан кейін Мысырдың Қоршаған ортаны қорғау министрлігі барлық адамға суға түсуге тыйым салды. Жергілікті билік 11 маусымға дейін судың астында, судың бетінде жүзуге және басқа да су спорт түрлеріне тыйым салды.

2022 жылы шілдеде аустриялық Элизабет Сауэр есімді 68 жастағы әйелге Владимир Попов қаза тапқан жердің маңындағы Сахл Хашиште акула шабуыл жасады.

Қызықты
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: