Қазақстан өнімдерінің Италияға экспорты 900 миллион долларға дейін ұлғайтылмақ

Италияға жалпы құны $900 млн-нан асатын қазақстандық 110 тауар өнімінің экспортын арттыруға дайынбыз. Бұл туралы премьер-министр Әлихан Смайылов айтты.

Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайылов елімізге ресми сапармен келген Италия Министрлер кеңесі Төрағасының орынбасары – сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі Антонио Таянимен кездесті. Италия Қазақстанның әлем бойынша ірі үш сауда серіктесінің бірі және Еуропалық одақ елдері арасында бірінші орында тұр.

"Дегенмен тауар айналымын одан әрі арттыруға әлеуетіміз жеткілікті. Біз Италияға жалпы құны $900 млн-нан асатын қазақстандық 110 тауар өнімінің экспортын арттыруға дайынбыз", — деді Әлихан Смайылов.

Өз кезегінде Антонио Таяни Италия Қазақстанмен жан-жақты, әсіресе сауда, энергетика және өнеркәсіп бойынша ынтымақтастықты нығайтуға дайын екенін айтты.


"Біз Италияда бірлескен кәсіпорындарды, жаңа қазақстандық компанияларды ашуға дайынбыз. Сондай-ақ кәсіпорындарымыз арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал ететін Іскерлік кеңес құруға ниеттіміз", — деді ол.

Сонымен қатар ол Алматыда жаңа итальяндық мәдениет институтын ашудың маңыздылығын атап өтті. Бұл екі ел арасында студенттер алмасуды арттыруға мүмкіндік береді.

Қазақстан Смайылов Әлихан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: