The Guardian басылымының хабарлауынша, Египет Газа секторымен шекарадағы Рафах шекара бекеті арқылы шетелдік азаматтарды өткізуге ниетті. Мысыр билігі бақылау-өткізу пунктінің нақты қашан ашылатынын әлі айтпады.
Бейсенбі, 2 қарашада Рафах бақылау-өткізу бекетінен шамамен 400 адам өтеді деп жоспарланып отыр. Ауыр жарақат алған бейбіт тұрғындарды Мысыр ауруханаларына жеткізу үшін шекара маңында жедел жәрдем көліктерінің тізбегі құрылды. Бір күн бұрын, 1 қарашада Рафах арқылы 361 адам өтті. Олардың көбі - Газада болған Австрия, Италия, Франция және Германия азаматтары.
Израиль армиясы бұған дейін бірнеше рет Газа секторының тұрғындарын анклавтың солтүстік бөлігінен оңтүстікке көшіруге шақырған. Қоршауға алынған сектордың солтүстігінде Израиль қорғаныс күштері (IDF) мен палестиналық Хамас қозғалысының содырлары арасында шайқас жүріп жатыр. IDF 27 қазанда Газада құрлық операциясы басталғаннан бері 17 сарбаздың қаза тапқанын және кейінгі 24 сағатта "ондаған лаңкестің" өлгенін хабарлады.
Рафах бақылау-өткізу пункті ашылғаннан кейінгі бірінші күні ол арқылы 400-ден астам адам эвакуациялана алғаны бұған дейін хабарланған.