Қорғаныс министрлігі атап өткендей, арнайы комиссия келісімшарт бойынша әскери қызметші А.Б. Елшібаеваның Қарулы күштер қатарынан заңсыз шығарылуы және батальон командирі тарапынан оған оғаш қылық көрсетуі туралы әлеуметтік желіде жарияланған жазбаға қатысты қосымша тексеруді аяқтады.
Қорғаныс министрлігінің комиссиясы азаматша А.Б. Елшібаеваның айтқан тұжырымы мен айғақтарын қайтадан мұқият зерделеді. Комиссияның жан-жақты тексерісінің нәтижесінде А.Б. Елшібаеваның арызында көрсетілген фактілер құжатпен расталмағанын және шындыққа жанаспайтынын анықтады.ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі
Министрліктің хабарлауынша, 6 мамырда Қонаев гарнизонының Әскери полиция бөлімі аталған әскери қызметшінің жазбаша өтініші бойынша тексеру жұмыстарын жүргізген.
Батальонның барлық жеке құрамы А.Б. Елшібаеваға қатысты 54179 әскери бөлімінің лауазымды тұлғалары тарапынан заңсыз іс-әрекет фактілерінің болғанын растамады. Жаңа комиссия жұмысының нәтижелері және Қонаев гарнизонының Әскери полиция бөлімі жинаған материалдарды қарау, сондай-ақ 54179 әскери бөлімі қызметшілерінің түсіндірмелерін талдау бойынша азаматша А.Б.Елшібаева ұсынған айыптаулар расталмады.ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі
Ведомство таратқан ақпарат бойынша, «бұрынғы әскери қызметші қызмет атқару барысында батальон қолбасшылығы тарапынан бірнеше мәрте ескерту алған және әскери бөлімнің аумағына ұялы телефонды заңсыз алып кіргені үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылған».
Биылғы жылдың 3 мамырында аттестаттау комиссиясының шешіміне сәйкес А.Б. Елшібаева жауынгерлік даярлық бағдарламасын төмен меңгергені және тәртіпті бұзғаны үшін ҚР Қарулы күштері қатарынан теріс пиғылы бойынша шығарылды, – деп түсіндірді министрлік қыздың жұмыстан шығарылу себебін.ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі
Министрлік «Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңына сәйкес, А.Б. Елшібаева аттестаттау комиссиясының қорытындысымен келіспеген жағдайда сот органдарына жүгінуге құқылы екенін» хабарлады.