"Қасіретті қаңтар" оқиғасының айтылмаған тұстары ақырындап жария бола бастады

Қазақстанның десанттық-шабуылдау әскерінің қызметкерлері Алматыдағы аласапыран кезінде бүлікшілерге қалай қарсы тұрғандарын баяндап берді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Алматыда қақтығыстың үдей түскен жері Республика алаңы болған еді. Сол уақытта наразы топтың бетін қайтарып, тәртіп орнату үшін қаланың барлық әскери жасағы жұмылдырылды. Оның ішінде десанттық шабуылдаушы әскерлері де бар еді. Олар мемлекеттік нысандарды қорғап, қалалық әкімдіктің ішінде оттың құрсауында қалғандарды босатты. Қаңтардың 4-інен 5-іне қараған түні Алмас Әубәкіров, әдеттегідей кезекшілік қызметте болған. Ол сол күні басынан өткенін баяндады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Әріптестері қала әкімдігінде тұзақта түскенін естіп, дереу оқиға орнына жеткен. Қолынан келгенше зардап шеккендер мен әскерилерді қауіпсіз жерге шығарған. Өкініштісі, аласапыран арасында Сандыбек Қайыров есімді бір офицер жоғалып кетеді. Дүрбелең басылған соң іздеуге шыққан Алмас Әубәкіров әріптесінің денесін өлі күйінде тауып алған.

"Әкімдікке келдік. Криминалдық тергеу тобы жұмыс жүргізіп жатты. Біз ішке кіріп, 40 минуттай мүмкін болған жерді қарап шықтық. Сандыбек Қайыров денесін шатырдан таптық. Өрттен қашып, жан сақтамақ болған сияқты, денесі өртеніп кеткен екен", – деді ҚР Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысы басқармасының подполковнигі Алмас Әубәкіров.

Қала әкімдігін қорғауға атсалысқандардың арасында десантшы Алмат Қалеев те бар. Ол сол күні жедел штабтан камера арқылы жағдайды бақылап отырыпты. Іс насырға шауып бара жатқан соң үш әскери бригадамен бірге алаңға көмекке келіп, қаскөйлермен жекпе-жекке түскен.

"Қолдарына шоқпарлар мен резеңке таяқтарын алып шабуылдады. Көз жасаурататын, жарық-шу гранаталары болды. Оларды қайдан алғаны түсініксіз. Олар өте көп еді. Сондықтан нысанды қорғау өте қиынға түсті. Арада төбелес болып, ақыры әкімдікке басып кірді. Бізді іште ұстауға тырысты. Бірақ әркім шамасы келгенше қорғанып, шығып кетті", – деді ҚР Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысы басқармасының майоры Алмат Қалеев.

Орталық алаңдағы тәртіпсіздікке төтеп бергеннен кейін әуежайда бүлік шығармақ болғандарға қарсы тұрыпты. Абырой болғанда қаланың бас қақпасы өзге пиғылдылардан тазартылды. Десантшылардың "қаңтар оқиғасында" барлық әкімшілік және стратегиялық ғимараттарды қорғауда көрсеткен ерлігі ерен. Отан алдында адал қызмет еткені үшін бүгінгінің батырлары тиісті алғыс хаттармен марапатталған.

Алматы
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: