Көлік саласына қатысты шағымдардың саны 2,5 есеге өсіп, медицина және қаржы саласына түскен шағымдардан асып түсті.
Әдетте бұл шағымдар пайдаланылмаған қызметтер үшін ақшаны қайтарудан бас тарту, қоғамдық көлікпен тасымалдау ережелерін сақтамау, қызметкерлердің дөрекілігі және антисанитарлық жағдайға қатысы бар.
Ақпараттандыру мақсатында осы саладағы тұтынушылардың құқықтық мәдениетін арттыруға қажетті негізгі тезистерді атап өту қажет.
Азаматтық кодекстің 34 және 35 бабында тасымалдауды реттейтін негізгі қағидалар белгіленген, ал олардың егжей-тегжейлі ережелері көлік, автомобиль, темір жол көлігі туралы, әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі, жол қауіпсіздігі қызметі және т.б. тиісті заңдарда жазылған.
Сурет: freepik
Жолаушылар мен багажды тасымалдау шарты, әдетте, жария шарт болып табылады және оған "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" Заңның ережелері қолданылуы мүмкін, бірақ ең алдымен тасымалдаушы мен жолаушы арасындағы қатынастар әуе, темір жол, автомобиль және т.б. саласындағы нормативтік құқықтық актілермен реттеледі.
Жолаушы заңнамада белгіленген тәртіпке сәйкес өзімен бірге балаларды тегін немесе өзге де жеңілдікті шарттармен тасымалдап, белгіленген нормалар шегінде немесе тарифтік ақыны төлеп бағажды тасымалдауға құқылы.
Тұтынушыларға білу маңызды! Егер жолаушы әуе кемесі ұшқанға дейін тексеруден бас тартса, жолаушы әуе тасымалы жүзеге асырылатын немесе аялдама жасалатын мемлекеттің заңнамасын бұзса, ауекомпания жолаушымен әуе тасымалдау шартын біржақты тәртіппен бұзады.
Тасымалдау шартын жасау формасы туралы айтатын болсақ, көп жағдайда жолаушы тасымалдаушы компаниямен қарым-қатынасқа түскен кезде ешқандай құжатқа қол қоймайтынын атап өткен жөн. Төлемді растау жария келісімнің жасалуының дәлелі болып табылады.
Сурет: freepik
Мысалы, Алматы қаласының қоғамдық көліктерінде валидаторлар орнатылған, олардың көмегімен "Оңай" картасын ұстаушылар үшін жол ақысының құны - 80 теңге, ал картасы жоқ жолаушылар жүргізушіге 150 теңге төлеуі керек және төлем жасағаннан кейін билет алады. Бұл процедура - тасымалдаушы мен жолаушы арасындағы мәміле жасасуын растайды.
Ақтөбелік қоғам белсендісі қолма-қол және қолма-қол ақшасыз төлемдер үшін төлемнің әртүрлі болуы жолаушылар құқығының өрескел бұзылу фактісі деп санайды, өйткені екі жағдайда да жол ақысы бірдей болу керек дейді. Оның айтуынша, қала тұрғындары жүргізушілердің мәдениетіне де шағымданады екен.
"Қоғамдық көлікті пайдаланушылар көбінесе жол қозғалысы ережелеріне шағымданады, себебі ережелер сақталмаған кезде жолаушылардың өміріне қауіп төнеді, автобустардағы антисанитарияға да шағымдар бар. Сондай-ақ, жолаушылар көптеген автобустар қаланың шалғай аудандарына қатынамайтынына және өте үлкен аралықпен жүретініне наразы. Ауа райы нашар болған кезде автобусты ұзақ күту қала тұрғындарына ыңғайсыздық туғызады. Бірақ қазір ыңғайлы жаңа автобустар сатып алынып жатқанын көріп отырмыз. Ескі автобустар маршруттардан алынып жатыр, бұл қуантатын жайт", - деді Ақтөбе облысы бойынша "Сенің құқығың" тұтынушылар құқығын қорғау қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Расима Латыпова.
Көлік қызметін жақсарту үшін мемлекеттік органдармен және қоғам белсенділерімен бірлесе жұмыс істеп, бүкіл республика бойынша логистикалық әлеуетті күшейтіп, осы саланы басқарудың сервистік моделіне көшу қажет екенін айта кеткен жөн.
Айта кету керек, көлік саласындағы уәкілетті органдар – олар көлік, азаматтық авиация және автомобиль жолдары комитеттерінен тұратын жуырда құрылған Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі және әкімдіктер.