Ақтөбе облысында су тасқыны салдарын жоюда қандай жұмыстар атқарылып жатыр

Су тасқыны салдарынан 4087 тұрғын үй мен саяжай иесі зиян шекті. Соның 3067-не жарамды деген техникалық байқау қорытындысы берілді. Жалпы, су тасқыны салдарын жою үшін билік қандай жұмыстар атқарып жатыр? Мұны төменде ұсынған фоторепортажымыздан біле аласыздар.

Комиссия шешімімен 3005 үйдің иесіне баспанасын жөндеу үшін 9 млрд теңгеге жуық қаржы аударылды. Ал қалған 1020 үй апатты деп танылып отыр, оның 505-і жаңадан салынып жатыр, 515-і бойынша үй сатып алу жоспарланған. Бүгінгі күні өңірде тасқыннан зардап шеккен 446 отбасы жаңа баспанасында қоныс тойын тойлады.

Темір ауданы – алғашқылардың бірі боп көктемгі су тасқынына төтеп берген аймақтардың қатарында. Ауданда жалпы көктемгі су тасқыны кезеңінде 98 тұрғын үй зардап шекті, оның 57-сі – жарамсыз күйде қалды.

Су тасқынынан кейінгі Темір ауданы. Сурет: Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Бұл отбасыларға не бой көтеретін жаңа үйлерден баспана сатып алу немесе дайын тұрған үйді сатып алу туралы ұсыныс айтылды.

Темір ауданының қазіргі қалпы. Сурет: Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Мемлекет қолдауының арқасында 36 отбасы екінші нарықтан үй сатып алуға келісім берді. 21 темірлік отбасы Құмсай ауылында салынып жатқан үйлерін күтіп отыр.

Су тасқынынан кейінгі Мұғалжар ауданы. Сурет: Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Көктемгі су тасқыны Жем өзенін жағалай жатқан мұғалжарлықтарды біраз есеңгіретіп тастағаны рас. Мұғалжар ауданы бойынша су тасқыны кезінде барлығы 76 үй мен 3 коммерциялық нысанға зақым келіп, 8 шаруа қожалығы шығынға ұшырады.

Мұғалжар ауданының қазіргі қалпы. Сурет: Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Бүгінгі таңда тасқын кезінде су басқан Жағабұлақ ауылында 9, Бірлік ауылында 5 үй салынып жатыр. Ауданда 7 үйге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, екінші нарықтан 55 отбасыға баспана сатып алынды.

Қобда ауданында 147 үй салынып жатыр. Аудан орталығында 130 үй, Жарық ауылында 17 үй тұрғызылуда. 

Су тасқынынан кейінгі Қобда ауданы. Сурет: Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Бұл ауданда су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға салынып жатқан алғашқы 10 үй дайын болды. Өңірде қазір жүздеген ауыр техника мен жұмысшылар ертелі-кеш, дамылсыз еңбек етіп жатыр. Жоспар бойынша жұрт жаңа баспана кілтін тамыз айының соңына дейін алуы тиіс.

Қобда ауданының қазіргі қалпы. Сурет: Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Облыста ең көп үй - Ойыл ауданында, оның ішінде Қаратал ауылында бой көтеруде. Аудан бойынша 177 үй салынуда, 130 дайын үй сатып алынған.

Су тасқынынан кейінгі Мұғалжар ауылы. Сурет: Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Қаратал наурыз айының соңында су тасқынына ұшыраған. Кенеттен келген қарғын судан 210 үйді басып қалды.

Ойыл ауылының қазіргі қалпы. Сурет: Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Қазір жарамсыз күйге түскен 131 баспананың орнына жаңасы салынып жатыр. Шатырлары жабылып, терезесі мен есігі салынып, үйлердің ішін әрлеу, сылау жұмыстары жүріп жатыр. Ал 61 отбасы дайын үйге көшкен. Сондай-ақ 18 отбасының баспанасы жөндеуге жатқандықтан, өтемақы төленді. Қазір тасқынның салдарын жою ісі қарқынды жүріп жатыр.

Көктемгі су тасқыны кезінде тұрғын үйлермен қатар, әлеуметтік нысандар, бөгеттерге де зақым келген болатын.

Облыс аумағында орналасқан 206 гидротехникалық құрылымның 15-і қираған. Су тасқынының салдарын жою үшін қазіргі уақытта қажетті жұмыстар жүргізілуде. Гидроқұрылыстар бойынша барлық процестерді жеделдету, сондай-ақ 2025 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық мақсатында қауіптің алдын алу шаралары қолға алынған.

Сонымен қатар өңірде 58 көлік инфрақұрылымын қалпына келтіру жоспарланып отыр. Бұзылған жолдарды жөндеу және реконструкциялау үшін ҚР Үкіметінің резервінен 10,2 млрд теңге, облыстық резервтен 6,4 млрд теңге бөлінді. Қазіргі уақытта сараптама нәтижелері күтілуде. 

Барлығы 100 су өткізгіш құбырды, 23 көпірді, 47,2 км жолды салу және жөндеу жоспарда бар. 

Ақтөбе
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: