Ақтаудағы дүкен сөресінен сақтау мерзімі өтіп кеткен шұжықтар табылды

2024 жылдың шілде айының ортасында "MOТҚҚҚ" ҚБ өкілі Ақтаудағы дүкендердің бірінен жасырын сатып алушы әдісімен Ресейде жасалған "Мусульманские" пісіріліп, тоңдырылған халал шұжықтарын (600 г) және ақсерке балығының уылдырығын (200 г.) сатып алды.

Бірақ, сырты көз тартатын қаптама ішіндегісінің сапасы қандай болды екен?

Осыған көз жеткізу үшін өнім Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Маңғыстау облысы бойынша "Ұлттық сараптама орталығы" ШЖҚ РМК филиалының аккредиттелген зертханасына кешенді зерттеуге жіберілді. 2024 жылдың 16 шілдесіндегі № 238/РО-24/02748/С зерттеу хаттамасында шұжық өнімдерінің шығарылған күні – 17.07.2023 ж., жарамдылық мерзімі 16.06.2024 деп жазылған. Сатып алу кезінде шұжықтардың жарамдылық мерзімінің біткеніне бір айға жуық уақыт өткен! Ал уылдырықтың қазақ тіліндегі таңбалмасы жоқ.

Сурет: Жанна Биятан

ҚР "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңына сәйкес, жарамдылық мерзімі өтіп кеткен өнімдер пайдалылығын жоғалтып, оны тұтыну кезінде денсаулыққа қауіп төнуі әбден мүмкін. Заң талаптарына сәйкес, мұндай өнімдерді сатуға тыйым салынады. Бірақ, нақты қауіп қандай?

Сурет: Жанна Биятан

Ет өнімдері, мысалы, тоңдырылған шұжықтар, егер мерзімі немесе сақтау шарттары бұзылса, патогендік микроорганизмдердің көбеюіне ыңғайлы ортаға айналады. Мысалы, сальмонелла және стафилококк бактериялары жиналып, олар сырттан көрінбеуі мүмкін: өнім түсін, иісін немесе құрылымын өзгертпей-ақ, ол қауіпті болып қалады. Сонымен қатар, мұндай өнімдерді тұтыну – жүректің жиі айнуы, іштің ауыруы мен жоғары температурамен бірге жүретін ауыр тағамдық улану қаупін тудырады.

"Жарамдылық мерзімі өтіп кеткен өнімдер сырттай қалыпты болып көрінгенімен, оған қауіпсіз деп көз жұма қарауға болмайды. Егде жастағы адамдар, балалар және иммундық жүйесі әлсіз адамдар ерекше қауіп тобына жатады. Біз тамақтану жүйесі бұзылғандар туралы ғана емес, сонымен қатар анағұрлым қауіпті инфекциялар жайында айтып отырмыз". Алия Алибекова, "MOТҚҚҚ" ҚБ құқыққорғаушы-сарапшысы

ҚР "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодексінде халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін өнімдер – тұтыну немесе пайдалану нәтижесінде адам денсаулығына белгісіздігіне немесе жарамдық мерзімі өтіп кеткеніне байланысты зиян келтіруі мүмкін тауарлар ретінде айқындалған. Сатылымда мұндай тауарлардың болуының өзі нақты қауіп жайынан хабар береді.

Заңнамаға сәйкес, санитарлық нормалар мен талаптарды бұзу, егер ол денсаулыққа зиян келтірмесе, бұзушылықтың ауқымы мен мән-жайына қарай 30-дан 1600 АЕК-ке дейін айыппұлмен жазаланады. Дегенмен, тұтынушылар да абай болып, денсаулығына келетін қауіптерді болдырмау үшін қаптамасында көрсетілген мерзімін тексергеңі абзал.

Өтіп кеткен жарамдылық мерзімі кез келген қауіпсіздік кепілдігін жарамсыз етеді. "MOТҚҚҚ" ҚБ сарапшысы Жанна Биятан: "Жауапты өндірушілер мен сатушылар өнімге қатысты толық ақпарат беріп қана қоймай, оны іске асыру мерзімін бақылауға міндетті. Әйтпесе, сатып алушылар адасуы мүмкін" дейді.

Сатып алуға арналған интерактивті чек қағазы: өзіңізді қалай қорғауға болады?

Жанна Биятан сатып алушылар үшін мынадай ұсынымдар тізімін ұсынады:

  1. Таңбаламасын тексеріңіз: барлық негізгі ақпараттар екі тілде – орыс және қазақ тілдерінде берілуі тиіс.
  2. Өндірілген күні мен жарамдылық мерзіміне назар аударыңыз.
  3. Сақтау шарттарын қараңыз. Өнімнің талапқа сәйкес тоңазытқышта немесе мұздатқышта сақталғанына көз жеткізіңіз.
  4. Қаптаманың бүтіндігін тексеріңіз. Тіпті, шамалы бүлінгенінің өзі өнімнің бұзылуын тездетуі мүмкін.
  5. Иісі мен сыртқы түрін бағалаңыз. Егер қаптама ауа шығарып жатса немесе ісінген болса, онда оны сатып алудан бас тартқан дұрыс.

Дүкеннен мерзімі өтіп кеткен тауарларды кездестірсеңіз, бұл туралы дүкен әкімшілігіне хабарлауды ұмытпаңыз. Қайтару актісін сұрап, ол сұрауыңызды растайтын құжатты алыңыз. Сонымен қатар, бұл сауда нүктесіне бақылауды күшейту үшін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау немесе тұтынушылардың құқықтарын қорғау органдарына хабарласқан жөн. Жоспардан тыс тексеру жеке немесе заңды тұлғаның растайтын құжаттары бар өтініші түскен кезде ғана жүргізіледі. Растайтын құжат фискалды немесе сату түбіртегі болып табылады: өтінішке нысанның мекен-жайын, шаруашылықты жүргізуші субъектінің атауын және т.б. көрсете отырып, бұзушылықтың нақты фактілерін растайтын фото-бейнематериалдармен немесе өнімді сатып алғаны туралы түбіртектермен қоса беру қажет.

Есіңізде болсын, денсаулық – әр адамның құқығы және оны қорғау қажет. Қауіпсіз болып көрінетін өнімдерден де абай болыңыз. Сіздің таңдауыңыз – сіз бен өз жақындарыңыздың қауіпсіздік кепілі.

Бұл материалды әлеуметтік жобаның орындаушысы – "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі дайындаған. Осыған ұқсас сұрақтар бойынша байланыс нөмірі 87054222739 немесе Instagram парақшасы: OZPP.KZ

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: