"Теңіз түсті махаббатым" cериалы: Каспий теңізі жағалауындағы ғашықтық хикая

Қазан айының ортасында НТК телеарнасында "ТЕҢІЗ ТҮСТІ МАХАББАТЫМ" атты сериал көрерменге жол тартады. Телехикаядағы оқиға желісі Маңғыстау облысында, Каспий теңізінің жағалауында өрбиді. Жеңіл романтикалық туынды келешегінен үміт күттіретін Ада есімді жас қыздың бастан өткергені жайында.

Сюжет желісі бойынша Ада туризм саласында қызмет етіп, болашақта бизнесін шетелде дамытуды көздейді. Алайда оның жоспары сауық кештерінің бірінде бәсекелесімен кездесуден кейін күрт өзгереді. Енді Ада демалыс орнын ашу үшін Ақтауға аттанып, қонақ үйге қолайлы жер іздейді. Бас кейіпкерді жаңа қалада жаңа таныстық – көлік жүргізуші Саян есімді жігітпен кездесу күтеді. Таныстық сәтсіз басталғынмен, кейін екі жас тіл табысып Маңғыстаудың көрікті жерлерін бірге араулауға аттанады.

Ада мен Саян ерекше саяхатты бастан кешеді. Алдымен олар Маңғыстау облысындағы Қарақиян ауданындағы XVII ғасырдағы культтік-мемориалдық ескерткіш – Бекет-Ата жерасты мешітіне тоқтайды, содан кейін аймақтың ең әсерлі әрі көрікті жері – Бозжыра трактісіне табан тірейді.

Жобаның бас продюсері Асхат Мұсабайдың айтуынша, сериалдың сюжеттік желісі арқылы адам тағдырын ғана емес, өлкенің тарихи және табиғи байлығын көрсету міндеті тұрды. Себебі, бұл аймақ отандық және шетелдік туристерді қызықтыратын орталыққа айналуы тиіс.

Сапар барысында Ада Маңғыстау облысын тани түседі. Ол табиғи және тарихи көрікті жерлерінен бөлек, жергілікті тұрғындардың қонақжайлылығы мен шынайылығына, ақкөңілділігі мен патриоттығына тәнті болады. Бірлескен сапарлар басты кейіпкерлерді жақындастырмай қоймайды. Ада жергілікті аймақтың тылсам табиғатына ғана емес, Саянға да ғашық болады. Саян да алматылық аруға сөз салуға дайын. Алайда, Аданың бұрыннан кездесіп жүрген жігіті барын біледі. Ал жырақта жүрген ғашығы Ада мен Саян арасындағы сезімге сезіктенген Тасқын да Ақтауға келуді жөн санайды. Дәл осы сәтте кейіпкерлер арасындағы қарым-қатынас шиеленісе түсіп, махабат майданында нағыз шайқас басталады. Алайда, сериал соңы махаббат машақатына тап болған үштік бақытымен аяқталады.

Телехикаяны TASPA Films компаниясы "Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігінің" қолдауымен таспалаған. Басты рөлдерде жас актерлер – Аделина Ералиева, Алдияр Қуанышов, Ақбота Каба, Әлиулла Шәуенов, Аружан Мамбеталиева.

Сериалдың премьерасы 2024 жылдың 14 қазанында НТК телеарнасында өтеді.

Эфир уақыты — 17: 00де (дүйсенбіден жұмаға дейін).

Серіктестік ақпарат

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: