Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, шара оғыздардың рухани мәдениетін жұртшылыққа кеңінен насихаттауға, Жанкенттің тарихи-археологиялық мұрасын ғылыми тұрғыда зерделеуге, отандық және шетелдік ғалымдар арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға бағытталды.
Қатысушылар арнайы ұйымдастырылған "Жанкент қаласының жәдігерлері" атты көрмені, "Аптап ыстық күн астында Жанкентте өткен 20 жыл" фотокөрмесін тамашалады. Онда археологиялық жәдігерлер және экспедицияның жиырма жылдық зерттеу жолын бейнелейтін фотосуреттер қойылған.
Сурет: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жиынға Ресей, Германия, Ұлыбритания, Өзбекстан және еліміздің әр өңірінен келген ғалымдар қатысып, Жанкент қалашығын зерттеу барысында жинақтаған ғылыми еңбектерін таныстырды. Ашылу рәсіміне облыс әкімінің кеңесшісі Руслан Рүстемов, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма төрағасы – ректор Наурызбай Байқадамов, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Ақан Оңғарұлы және Эберхард Карл атындағы Тюбинген университетінің құрметті профессоры Heinrich Haerke қатысып, Жанкентті зерттеудің тарихи әрі ғылыми маңызына тоқталды.
Сурет: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
"Оғыздардың материалдық және рухани мәдениеті" ғылыми-танымдық кітап-каталогында оғыздардың тарихы мен рухани мәдениеті, тұрмыс-тіршілігі, қолөнері мен мұрасы кеңінен қамтылған. Сонымен қатар Жанкент қалашығында жүргізілген көпжылдық археологиялық зерттеулердің нәтижесі жүйеленіп, құнды археологиялық жәдігерлер туралы ғылыми мәліметтер ұсынылған.
Сурет: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Дөңгелек үстелдің екінші бөлімінде отандық және шетелдік ғалымдар Жанкент пен Сыр өңіріндегі ортағасырлық қалалардың тарихы мен археологиясына қатысты зерттеу нәтижелерін ортаға салды. Мәскеу, Тюбинген, Ливерпуль, Самарқан, Астана, Алматы, Шымкент және Қызылорда зерттеушілері өзара тәжірибе алмасып, Жанкенттің Сырдарияның төменгі ағысындағы ортағасырлық қалалар жүйесіндегі орны мен оғыздар тарихын зерделеудегі маңызына қатысты жаңа ғылыми тұжырымдарын ұсынды.
Жиырма жылдық зерттеу барысында жинақталған мол ғылыми материал Жанкент тарихын жаңа қырынан зерделеуге мүмкіндік беріп, оғыз өркениетінің Сыр өңіріндегі тарихи-мәдени орнын тереңірек түсінуге жол ашты.
Ғылыми басқосу қорытындысында зерттеушілер бірқатар ұсыныс айтып, тиісті резолюция қабылданды.
Сурет: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі