Атырауда мемлекеттік органдар мен бизнес-қоғамдастық кәсіпкерлікті қолдау шараларын талқыға салды
Сурет: Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі
"2026 жылдың бірінші тоқсанында шағын және орта бизнес субъектілері 1,4 трлн теңгенің өнімін өндірді. Олардың жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 29,2%-ға жетті. Бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасау және кәсіпкерлердің құқығын қорғау мемлекеттік органдар жұмысының маңызды бағыттары қатарында қала береді", — деді облыс әкімі.
Өңірде 60 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі бар. Оларда 125 мыңнан астам еңбек етеді. 2026 жылы бизнесті қолдауға 6,3 млрд теңге көлемінде қаражат қарастырылған.
Кездесу ашық микрофон форматында өтіп, кәсіпкерлер бизнес жүргізуге қатысты ақпарат алуға мүмкіндік беретін цифрлық платформа құруды ұсынды. Болат Ақшолақов келесі жылдан бастап мемлекеттік қызметтерді — әлеуметтік сала, кадастр, құрылыс, жобалау-сметалық құжаттама тіркеу және бақылау рәсімдерін кезең-кезеңімен цифрлық форматқа көшіру көзделіп отырғанын айтты. Бұл жұмыстарды 2028 жылға дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, аумақтарды көгалдандыру, Атыраудың дизайн-коды бойынша қаланы абаттандыру үшін шыны қалдықтарын қайта өңдеу, жер учаскелерін бөлу, электр энергиясының тарифтері мәселелері де талқыланды.
Айтылған өтініштер түгелдей хаттамаға енгізілді. Олардың әрқайсысын кезең-кезеңімен шешу кестесі құрылады. Ал өтініш иелерінің кейбіріне кездесу барысында-ақ жауап берілді.



