Инвесторлар мен мемлекеттік органдар арасындағы дауларды арнайы комиссия реттейді
Фото: Zakon.kz
Құжатқа сәйкес, Комитетке инвестордан, мемлекеттік органнан, жергілікті атқарушы органнан, мекемеден, квазимемлекеттік сектор субъектісінен немесе инвестициялық прокурордан инвестициялық қызметке байланысты дауды сотқа дейін реттеу туралы өтініш келіп түскен жағдайда комиссия құрылады.
Комитет төрағасы немесе ол болмаған кезде оның міндетін атқаратын тұлға өтініш келіп түскен күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде комиссия құру туралы шешім қабылдайды.
Егер өтініш Конституциялық заңның 25-1-бабының 2 және 3-тармақтарында белгіленген мерзімнен кеш берілсе, Комитет оны қарауға қабылдаудан бас тартуға құқылы.
Комиссия құру туралы шешім Комитет төрағасының немесе ол болмаған кезде оның міндетін атқаратын тұлғаның бұйрығымен рәсімделеді. Бұйрықпен комиссияның құрамы, төрағасы мен хатшысы бекітіледі.
Комиссия төрағасын қоса алғанда бес мүшеден тұрады.
Оның құрамына:
- Комитеттің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары;
- "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының мүшесі;
- ҚР Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің төраға орынбасарынан төмен емес деңгейдегі өкілі кіреді.
Егер отырысқа ұсынылған материалдарды жан-жақты, толық әрі объективті қарау үшін құқықтық қатынастардың тиісті саласы бойынша сараптамалық пікір қажет болса, комиссия отырысына құзыреті шегінде мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері шақырылады.
Комитет төрағасы айқындайтын оның құрылымдық бөлімшесі комиссияның жұмыс органы саналады.
Жұмыс органы комиссияны құру және оның құрамын бекіту туралы бұйрық шыққаннан кейін үш жұмыс күні ішінде қаралатын материалдарды дайындайды, күн тәртібінің жобасын әзірлейді және комиссия отырысын ұйымдастыруды қамтамасыз етеді.
Комиссия қызметінің тәртібін Комитет төрағасы айқындайды.
Отырыс нәтижелері хаттамамен рәсімделеді. Соның негізінде Комитет қорытынды шығарады.
Бұйрық 2026 жылғы 16 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі.